Орталық Азияның жемқорлыққа қарсы аумақтық платформасы құрылды
Ол аймақ елдерін біркелкі мақсат-мүддеге жұмылдырады.
Ең алдымен қаржы жымқырып, пара бергендер жайлы ақпарат алмасу ісі жеңілдейді. Өзбекстан астанасында аймақтағы сыбайлас-жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттік өкілдері бас қосып, арнайы платформаны іске қосты.
Біріккен Ұлттар Ұйымының жемқорлыққа қарсы конвенциясына Қазақстан әуелден қол қойған. Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан да осы құжатты қабылдап отыр. Негізгі мақсат – шетелге заңсыз шығарылған активтерді қайтару, тәжірибе алмасу. Мамандардың айтуынша, Қазақстанда ұрланған активтермен жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Былтырдың өзінде 2 млрд доллардың қаржысы ел қазынасына қайта құйылған.
Тимур Қырықбаев, ҚР СЖҚІҚА сотқа дейінгі тергеу қызметі басшысының орынбасары:
- Оның ішінде, атап айтатын болсақ, БАӘ-ден 14 млн доллар, Австриядан 82,1 млн доллар. Лихтейнштейннен 265 млн доллар, Түркия мемлекетінен 500 мың доллардай. Заңсыз алынған мүліктерді қайтару белсенді жүзеге асырылып жатыр және бұл жұмыс әрі қарай жалғасады.
Агенттік өкілдері жаңа платформаның жемқорлыққа қарсы іс-қимылды жеделдете түсетініне сенімді. Себебі Орталық Азияда заңнамалық-құқықтық негіз қалыптасып, парақорлықты анықтау жолдары жетілген. Көршілес елдер ғана емес, басқа да аймақтағы мемлекеттермен әріптестік нығайтылып жатыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдері бұл істі жоғары бағалады.
Ашита Миттал, БҰҰ Орталық Азия бойынша өңірлік өкілі:
- Қазақстандық органдар бұл істі жедел әрі тиянақты атқарып жатыр. Біріккен Ұлттар Ұйымы оны жоғары бағалайды. Жемқорлыққа қарсы конвенцияға Орталық Азия елдері түгел қол қойған. Соның орындалуын жеделдету үшін жеке платформа құрдық. Енді аймақтағы мемлекеттер бір-бірімен әріптестікті арттырып, ұрланған қаражат пен бағалы активтерді анықтауға, қайда бағытталғанын білуге мүмкіндік алады.
БҰҰ конвенциясын қабылдаған елдерде парақорлыққа қарсы тәжірибе біркелкі емес. Әр аймақтың өзіндік ерекшелігі бар. Қазақстан кейінгі бірнеше жылдан бері Орталық Азия арқылы қаржыны шетел асыру жолдарын тауып, көршілердің құзырлы органдарымен ақпарат алмасуды жеделдетті.
Ақмал Бұрханов, Өзбекстанның жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің директоры:
- Биыл форум аясында нормативтік-құқықтық актілердің жемқорлыққа қарсы сараптамасын жүргізетін болып келістік. Қазақстандық әріптестерімізбен жұмысты жалғастырамыз. Басты міндетіміз – жемқорлықтың алдын алу. Бізде бұл бағытта біраз тәжірибе жинақталды.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Көршіміз жалпы сыбайлас-жемқорлықтың салдарымен емес, себебімен күрес шараларына көп көңіл бөледі. Заңсыз активтер жайына келсек, экс-президенттің қызы Гүлнар Каримованың ісі еске түседі. Оның Швейцария, Ұлыбритания, Ресей және басқа да Еуропа елдеріндегі кей қомақты актив республика иелігіне өтті. Қазақстанмен салыстырғанда көлемі біршама аз. 200 млн доллардың шамасында.
Авторы: Рауан Мыңбаев.