Ұлыбританиядағы Міндетті ағза донорлығы туралы заң
Ұлыбританияда Міндетті ағза донорлығы туралы заң жыл сайын мыңдаған адамды ажалдан арашалап келеді.
Құжатқа сәйкес 18 жастан асқан азаматтардың ағзасы тірі кезінде өзі тыйым салмаса, өмірден өткеннен кейін автоматты түрде мұқтаж жандарға беріледі.
Кира Болл 9 жасында көлік апатынан қайтыс болды. Ата-анасы қайғы жұтып қиналса да қызының ағзасын бірнеше адамға бөліп беруге келіскен.
Лоанна Болл, Кираның анасы:
- Кираны жоғалтып алғанымыз өте өкінішті. Оны аман алып қалу мүмкін болмады. Бірақ қызым 4 адамға өмір сыйлады.
Джо Болл, Кираның әкесі:
- Донорлыққа келісімімді сұрағанда Кираға қарадым да бір сәт ойландым. Егер қызымның таңдау мүмкіндігі болса, ол келісер еді дедім. Өйткені Кира табиғатынан өте мейірімді жан еді.
Өмірін сақтап қалғандардың арасында 9 жастағы Макс Джонсон да бар. Вирустық инфекциядан кейін жүрек талмасына душар болған бала донордың арқасында қазір дін-аман.
Макс Джонсон, науқас:
- Шынымды айтсам, мен өлуге дайын болдым. Әке-шешемді құшақтап, оларды соңғы рет көріп отырмын деп ойладым.
Эмма Джонсон, Макстың анасы:
- Донорға деген алғысымыз шексіз. Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ата-анасы өте қиын кезеңде басқалардың өмірі туралы ойлады.
Бұл оқиға Міндетті ағза донорлығы туралы заңның қабылдануына түрткі болды. Премьер-министр бастама көтеріп, маңызды құжатқа қол қойылды. "Макс пен Кира" заңы деп атады. Содан бері кенеттен қайтыс болған адамның бүйрегі, жүрегі, өкпе-бауыры туысқандарының рұқсатынсыз мұқтаждарға беріліп жүр. Егер адам тірі кезінде қарсылығын онлайн білдіріп кетпесе, әрине.
Клэр Виллимент, Ұлыбритания ұлттық денсаулық сақтау қызметі трансплантологияны дамыту бөлімінің жетекшісі:
- Қазір жағдай мүлдем басқаша. Халық арасында жаңа мәдениет қалыптасты. Бүкіл ұлттың ағза донорлығына деген көзқарасы өзгерді және донор болуды абырой санайтындар көбейді.
Статистикаға сәйкес өткен жылы 4 жарым мыңға жуық науқас тірі немесе қайтыс болған донордың ағзасын пайдаланып, аман қалған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда бес пайызға көп. Дейтұрғанымен, трансплантацияны сарыла күтіп жүрген 7 мыңдай адам әлі де бар. Былтыр 400-ден астамының кезегі жетпей қайтыс болыпты.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы