Испанияның шіркеуі донорлықты қолдайды
Испанияда былтыр 5 мың 400 ағза ауыстыру операциясы жасалған.
Оның 2 мыңға жуығы мәйіттік донор арқылы жүзеге асты. Нәтижесінде ағзаға мұқтаж науқастардың өмірін ұзартуға мүмкіндік берілді. Бұл тұрғыда трансплантацияны дәстүрлі дін өкілдері мен шіркеу қызметкерлері де қолдайды.
48 млн халқы бар Испания Еуропада трансплантация бойынша көш бастап тұр. Бұл елде он отбасының сегізі қайтыс болған туысының дене мүшесін науқасқа беруді қолдайды. Халықтың 70 пайызға жуығы христиан дінін ұстанатынын ескерсек, шіркеу қызметкерлері де үнемі бұл идеяны құптап, тұрғындарға бұл қадамның қастерлі екенін айтып, дәріс оқиды.
Мунио, шіркеу қызметкері:
- Азғаны донарлыққа беру толығымен тегін және ізгі ниетпен жасалуға тиіс. Мұнда адамгершілік, мейірімк пен жанашырлық бар. Алайда донарлықта шіркеу тыйым салатын адамдар бар, бұлар бас бостандығынан айырылып, түрмеде отырғандар. Мұндай адамдардың ағзасы қайтыс болғаннан кейін де алынбауы мүмкін.
Шіркеу қызметкерлері донарлық бойынша дәріс ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған. Мысалы, осындай бір дәрістен кейін жасы 45-ке келген Лидия Бенитес ойы өзгергенін айтады.
Лидия Бенитес, кәсіпкер:
- Менің медициналық сақтандыруымда қайтыс болғаннан кейін дене мүшелерімді донарлыққа беруге келісім бар. Оны мен 5 жыл бұрын рәсімдеп қойғанмын. Өзім де осы бағытта көп ойланып жүр едім. Дін өкілдері шешімді оңай қабылдауыма түрткі болды.
Испания Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараты бойынша, елде былтыр 5400 трансплантациялық ота жасалған. Оның ішінде, 2 мыңға жуық дене мүшесі қайтыс болған донордан, ал 300-і тірі адамнан алынды. Нәтижесінде, мұқтаж науқастар үшін бүйрек, бауыр, жүрек, өкпе, ұйқы безі мен ішек операциясы сәтті жасалған.
Авторлары: Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач