Киелі Түркістаннан – тарихи Ташкентке
«Киелі Түркістаннан – тарихи Ташкентке». Осындай атаумен түркі әлемінің рухани астанасынан бауырлас Өзбекстанға, әдеби-мәдени сапар ұйымдастырылды.
Бұл істі көне мұра, жауһар жәдігерге бай «Фараб» кітапханасы қолға алды. Сапар аясында, түркістандық делегация өзбекстандық әріптестерімен әдеби кітап алмасты. Ал туризм саласының жетекшілері, ташкенттің дәстүрлі көрмесіне қатысты.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Бұл - Ташкенттегі көп жылдық тарихы бар туризм жәрмеңкесі. Дәстүрге айналған шара биыл да Түркістан облысы делегациясының қатысуымен өтіп жатыр. Халықаралық көрме ежелгі Жібек жолы бойындағы барлық көне шаһарды таныту мен туристік сала жұмысын дамытуға арналған.
30-ға тарта мемлекет, 200-ден астам аймақ және жүздеген туристік компания өкілі жиналған көрме Орталық Азияны өзге қырынан танытып тұр. Еліміздің Түркістан, Шымкент қалалары мен Өзбекстанның Самарқан, Ташкент шаһарлары біркелкі туризм бағытына енген. Аймаққа алыс шет елден келетін саяхатшылар қос мемлекет арасында еркін қатынап, тарихи орындарды аралай алады. Бұдан бөлек, ежелгі Яссы қаласының емдік-сауықтыру кешендеріне аялдау мүмкіндігі бар. Біздегі тур компаниялар экотуризмді дамытуға да кіріскен.
Ботагөз Мәуленова Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының бас маманы:
- Оpen Turkistan туристік ақпараттық орталығы қызмет атқарады. Мақсаты – өңіріміздің туристік әлеуетін халықаралық нарықта ілгерілету. Тур операторлар бар, емдік сауықтыру орталықтары бар, солардың өкілдерін бір алаңға жинай отырып, олардың мүмкіндіктерін халықаралық көрмеде таныстыру.
Көрме аумағында жергілікті аспаздардың шеберлігі көрсетіліп, ұлттық тағамдар әзірленіп жатыр. Ал дәруменге толы қазақ асханасына еуропалықтардың ерекше назары ауған. Құрт-май, қымыз-шұбатымыздан дәм татуға келгенде, ешбірі тартынған емес. Түркістан облысы ұлттық брэндтерімізді кең насихаттап, халықаралық нарықта ілгерілету үшін Ташкент жәрмеңкесіне қатысып отыр.
Диана Вешкова, туристік компания өкілі:
- Ағзаға пайдалы элементтерін үнемі айтып жүретін болдым. Қазақтың дастарханы неліктен мақтаулы екенін түсіндім. Алдағы уақытта осы дәмді аңсап, Қазақстанға барып тұратын секілдімін.
Жалпы еліміздегі ең көне әрі тарихи тамырымыз бастау алатын Түркістанның облыс болып қайта құрылғанына биыл 5 жыл. Осы уақыт бедерінде аймақ жанданып, қайта жаңғырып келеді. Әдебиет пен өнер саласына жасалған жағдай қаланың ежелгі бай болмысын жер жаһанға әйгілеп тұр. Түркістанның қайта түлеуімен жаңа ғимаратқа көшкен «Фараб» кітапханасы әдеби-мәдени көш керуенін Ташкентте жалғастыруы бекер емес.
Себебі Өзбекстан астанасында қазақтың тарихына қатысты зерттеулер мен құнды мұра көп.
Жанат Шардарбекова, Түркістан облыстық "Фараб" әмбебап ғылыми кітапханасының директоры:
- Осындай байланыстар аясында арнайы меморандум түзу ойымызда бар. Бұл кітапханалық меморандум екі елдің арасындағы кітап алмасу үдерісін жеделдетер еді. Себебі бізде де өзбек оқырмандарын қамту қиындық тудыруда. Осы іске Әлішер Науаи кітапханасы көмектесетін болса, біз осы жақтан қазақ жастарын кітаппен қамтамасыз етсек әдеби байланыс деген осы.
Сапар аясында түркістандық делегация Өзбекстанның Науаи атындағы ұлттық кітапханасымен рухани-танымдық еңбектер алмасты. Оның әрбірі екі елдің достығы мен ынтымағын насихаттап, халықтар арасындағы бірлікті дәріптейді. Өзбекстанда тұратын қандастарымыз қазақ тіліндегі бұл кітаптармен кез келген уақытта танысып, әдебиет әлеміне бойлай алады.
Авторы: Рауан Мыңбаев