Асық − түркі жұртына ортақ ойын
Кеше елде 2 миллион бала бір мезгілде асық ойнады деп хабарлаған едік. Біздің бұл бастаманы өз ішіміз ғана емес, алыстағы түрік ағайындар да қолдапты. Қолдап қана қоймай өздері де асық ойнапты.
Сөйтіп, Анкарадағы оқу орнында балғындар бес асығын сайлап келіп, қазақтың ұлттық ойынына үйірілді.
Уфук Тузман – «Түркия үні» радиосы қазақ редакциясының жүргізушісі. Қазақ-түрік қарым-қатынасының нығаюына елеулі үлес қосып жүрген азамат. Ана тілімізді жетік меңгерген Уфук мырза қазақ халқының ұлттық ойындарының бірі – асық атуды Анадолыда дәріптеп жүр.
Уфук Тузман, журналист:
- Бүгін Қазақстан Республикасында асық ойыны күні дегеннен соң, келейін, мына жерде кішкентай бүлдіршіндермен бірге осы іс-шараны жүргізейік деп жоспарладық. Бәрі жақсы өтті деп бағалаймын. Әрқайсысы өмірінде бірінші рет танысқанымен, Қазақстаннан келген 1-2 жігітіміз бар енді. Дегенмен олардың бәрі өздеріне сыйланған асықты қалдрып, өздеріне естелік қалдырды.
Атажұртта челлендж басталғанын естіген ол Анкарадағы балабақшалардың бірінде балаларға «Бес табан», «Бес асық», «Сұлтан» ойындарын үйретіп, жарыс өткізді. Мектепке дейінгі мекеме басшысының айтуынша, асық жарысы бұл балабақшада алғаш рет ұйымдастырылып отыр екен.
Аина Түркан, балабақша директорының орынбасары:
- Асық – түркі халықтарының ортақ мұрасы. Өкінішке қарай, жас буын оны біле бермейді. Осы іс-шараны ұйымдастыруымыз да сондықтан.
Балақайлардың ұлттық ойынымызға қызығушылығы бірден байқалды. Бәрі асық ату бәйгесіне белсене қатысып, бір сағатқа жоспарланған жарыс бірнеше сағатқа жалғасты.
Марк Солей:
- Асық ойынын қатты ұнап қалды. Болашақта да ойнаймын.
Манас Демиржи:
- «Бес асық» ойыны қызық екен. Осындай іс-шаралар жиі өткізілсе. Өйткені Қырғызстанда бұл ойынды көп ойнайтынмын.
Нұрасыл Сәрсенбай:
- Асық ойынын жақсы көремін.
Анадолыда бала кезінде асық ойнамаған адам кемде-кем. Ата-бабадан мирас болып келе жатқан бұл ойын бүгінде Ұлттық спорт федерациясы қамқорлығында.