Жасанды интеллект жұмысты жеңілдетеді

Кейінгі кезде төрт күндік жұмыс аптасының тиімділігі туралы көп айтыла бастады.

Тіпті Ұлыбританияда тәжірибе жүргізіліп, ондаған компания бұл бастаманы қолдаған. Бір қызығы, жаңашылдықты қарқынды дамып келе жатқан жасанды интеллект тіптен жақындата түсетін секілді.  Сарапшылар зеріктіретін іс технологияға жүктеліп, жеңіл-желпі жұмыстар ғана адамдардың еншісінде қалуға тиіс дейді.

Британиялық қызметкерлер келешекте жасанды интеллектінің көмегімен жұмыс аптасын қысқартып, уақыт үнемдеуге болады деген пікірде. Бұл экономикалық жағынан да тиімді көрінеді. Дегенмен жұмыссыздық жайлауы мүмкін деген болжам да бар. Бірақ жақында зерттеу жүргізген британиялық "Аутономи" компаниясының мамандары қорқатын түк те жоқ дейді. Олар керісінше, технология адам өмірін жеңілдететінін айтады. Себебі 10 жылдан кейін 9 миллион адам төрт күндік жұмыс аптасына көше алады деген жорамал бар. Тағы 28 миллион қызметкердің жұмыс уақыты 10 пайызға қысқарады дейді зерттеу авторлары. Ең бастысы - қызметкерлердің жалақысы сол күйінде сақталады. Ал еңбек өнімділігі кемі 10 пайызға артады. Демек бұл жұмысшыларға да, компанияға да тиімді. Сондықтан мұны жергілікті билік те қолдап отыр. Ұлыбритания ,,,АҚШ пен Қытайдан кейін саладағы жетекші мемлекеттердің қатарына кіреді. Бұл ретте жақында мұнда осы жасанды интеллект қауіпсіздігіне қатысты тарихта алғаш рет саммит өтті. 

Риши Сунак, Ұлыбритания Премьер-министрі:

- Осыған дейін жасанды интеллектіні өндіретін жекелеген компаниялар ғана тексерістен өткізетін. Енді онымен мемлекет болып айналысамыз. Технологияның қауіпсіздігін арттыру жағына ерекше мән бермекпіз. Біз инновацияларды қолдаймыз. Бұл Британия экономиканың мықты тұстарының бірі екені бәріне мәлім.

Жасанды интеллект жәрдемші ме?

Бүгінде жасанды интеллект медицина, ауыл шаруашылығы, машина жасау секілді сан алуан салада қолданылады. Білім беру жүйесінде де жемісін беріп жатыр. Бірақ кейбір елдерде шектеу енгізілген. Мысалы, Италияның жоғары оқу орындарында Чат Джи-Пи-Тиді қолдануға болмайды. Нью-Йорк мектептерінде де осындай жағдай. Жапонияда да шектеу бар. Өйткені оқушылар мен студенттер өз бетінше ойлана алмай қалады деген қауіп басым. Бірақ Данияның білім беру мекеме басшылары керісінше зиянынан пайдасы зор деп чат-боттарды жергілікті мектептерде кеңінен қолдануға рұқсат берген.

Дания

- Алғашында біз Чат Джи-Пи-Тиді қолдану алаяқтыққа жата ма деп қорықтық. Бірақ қазір оны оқу құралы секілді кеңінен пайдаланып жүрміз. Пайдасы мол. Кез келген сауалға санаулы секундта жауап табасыз.

- Тыйым салғаннан бірдеңе өзгереді деп ойламаймын. Өйткені балалар чат-ботты жасырын қолдануы мүмкін. Оқушылармен сөйлесуіміз керек. Оны қалай қолдану керектігін өзіміз үйретуіміз керек.

Жасанды интеллект және қауіпсіздік

Десе де сақтықта қорлық жоқ дейді сарапшылар. Биыл жазда Еуроодақ әлемде алғаш рет жасанды интеллектінің  жұмысын реттеу туралы заң қабылдады. Бұдан бөлек, Германия, Италия мен Франция билігі жеке ортақ келісімге қол қойған. Аталған мәселені жуырда Джи жеті саммитіне қатысушылар да талқылады. Мұның бәрі болашақта адамзатты төнген қауіптен қорғауға тиіс дейді сарапшылар. Демек бұл мемлекет тарапынан жоғары деңгейде қадағалануы керек. Әйтпесе танымал америкалық миллиардер Илон Маск айтпқандай, күндердің күнінде гуманоид роботтың бағдарламасы жаңарып, Джеймс Кэмеронның "Терминатор" фильмінің сценариі қайталануы мүмкін.