Өзбекстанда жыл сайын 14 млрд текше метр су ысырап болады

Өзбекстанның ирригациялық жүйелерінде жыл сайын 14 млрд текше метр су ысырап болады.

Кей бөлігі еш кәдеге аспай, топыраққа сіңіп, не буға айналып жатыр. Көрсеткіш Қарақалпақстан, Наманган, Науаи, Хорезм және Бұхара облыстарында тым жоғары. Соның салдарынан 175 мың гектар жер құрғап тұр. Көршіміз мәселені шешу үшін алдағы жылы тіршілік нәрін үнемдеудің қатаң режиміне көшпек.

Келер жылы Өзбектстанда 1 жарым мың, одан кейін 2 мың шақырым арна бойына бетон құйылады. Көрші ел су үнемдеудің қатаң режиміне көшуді көздеп отыр. Бұл істі мемлекеттің басшысы жеке бақылауына алмақ. Президент сала жетекшілерімен өткізген кеңесте 2024 жылды осы іске арнауды бұйырды. Әйтпеске болмайды. 80 пайыз тіршілік нәрін трансшекаралық өзеннен алып отырған Өзбекстанда ысырап көп. Жыл сайын 14 млрд текше метр су мақсатты пайдаланылмайды. Егінге жетпей, топыраққа сіңіп не буға айналып жоқ болады.

Вадим Соколов, гидротехника инженері, география ғылымдарының кандидаты:
- Израиль, Иордания сынды елдердің ауыл шаруашылғында су тұтыну көлемі гектарына 5 мың текше метр болса, бізде көрсеткіш 10 мыңға тең. Екі есе артта қалып отырмыз. 2030 жылға дейін осы олқылықты жоюымыз керек. Осы күні елдегі суармалы жер көлемі 4 млннан асады. Соның 1 миллионын үнемдеу технологиясымен жарақтадық. Керек құрылғылар өзімізде де әзірленіп жатыр.

Мәселені шешудің жалғыз жолы су арналарын бетондау болып отыр. Өзбекстанда ол үшін бұған дейін де қаражат бөлініп, шаруа қолға алынған. Алайда жоспар келер жылы 4 есе артығымен орындалуы мүмкін. Республикалық қана емес, жергілікті маңыздағы су арналары жөнделеді. Үнемдеу шараларына шаруалар да дайын. Дәлірек айтқанда, мемлекет оларға несие ұсынып, 14 пайызбен қаражат бермек. Кейін фермерлер суды ұтымды пайдалануға жол ашатын жабдықтар сатып алады. Айта кетейік, көршімізде тіршілік нәрінің 90 пайызы ауыл шаруашылығына бағытталады. Бір ғана мақта алқаптары 10-11 мың текше метр су тұтынып жатыр. «Салада ысырап басқа мемлекеттермен салыстырғанда шамадан 2-3 есе көп», - дейді мамандар.

Авторы: Рауан Мыңбаев