Ауа райының қолайсыздығы әлем елдерінің берекесін қашырды
АҚШ-та алапат дауыл соғып, соңы тасқынға ұласқан.
Қазір мыңдаған үй жарықсыз отыр. Мектептерде жұмыс тоқтап, әуе, темір жол, көлік қозғалысына тыйым салынған. Ал Қытайда қар әлі басылар емес. Көктайғақтың кесірінен қозғалыс қиындап, тұрғындар әбден әбігерге түсті. Оңтүстік Кореяда да күн күрт суытты. Ал Австралияға жеткен тропикалық циклонның кесірінен су басқан қала көшелерінде қолтырауындар қаптап жүр.
АҚШ-тың Мэн штатында қатты дауыл соғып, соңы жаңбырға ұласты. Салдарынан 600 мың үй жарықсыз отыр. Ағаштар жерге құлап, көше көлге айналған. Қалада қозғалыс шектеліп, мектептер жұмысын тоқтатты. Әуе рейстеріне уақытша шектеу қойылды. Мұндай жағдай Жаңа Англияда да тіркелді. Елдімекеннің оңтүстік-шығысында соққан желдің екпіні 70 шақырымға дейін жеткен.
Әуе рейстері кешігіп жатыр
Елдің солтүстік-шығысында да осыған ұқсас жағдай. Толассыз жауған жаңбыр салдарынан аймақты су басып, мыңдаған үй жарықсыз қалды. 50-ден астам рейске шектеу қойылып, 90 рейс өз уақытынан кешікті. Теміржол қатынасы тоқтап, білім ұйымдары әзірге жабылды.
Дауыл соғып, мыңдаған үй жарықсыз қалды
Қолайсыз ауа райы Массачусетс штатында да тіркелді. Алапат дауыл салдарынан аймақта 300 мыңға жуық үйде жарық сөнген. Желдің екпіні сағатына 90 шақырымға дейін жетті дейді мамандар. Соның кесірінен ғимарат пен көлік үстіне ағаш құлап, айтарлықтай зақым келген. Зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ. Жергілікті билік тұрғындарды әзірге сыртқа шықпауға және көлік жүргізбеуге шақырды.
Австралия көшелерінде қолтырауындар жүзіп жүр
Ал Австралия жағалауына «Джаспер» тропикалық циклоны жетті. Квинсленд штатындағы бірнеше қала су астында қалды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, су басқан көшелерде теңіз қолтырауындары қаптап жүр. Халық амалсыз үйдің шатырын паналап көмек күтіп отыр. Әзірге билік жүздеген үйді қауіпсіз жерге көшіріп үлгерді. Қазір көше жолдарын қалпына келтіру үшін шаралар қабылданып жатыр.
Қалың қар қытайды әбігерге салды
Қытайдың шығысына жауған қар әлі толастар емес. Әсіресе, Аньхой мен Цзянсу провинциясында жағдай алаңдатарлық. Көктайғақ пен қардың қалыңдығынан қала көшелерінде ұзыннан ұзақ кептеліс пайда болып, қозғалысты шектеген. Синоптиктер солтүстік өңірлерде төменгі температура бейсенбіге дейін сақталады дейді.
Оңтүстік Кореяда температура күрт төмендеді
Ал Оңтүстік Кореяда кенеттен күн суытып, температура минус 12-ге дейін төмендеді. Сеул тұрғындары бір жеті бұрын жеңіл киіммен жүрген едік, күн ызғарын шашып, қалың киіне бастадық дейді. Мамандардың айтуынша, мұндай ауа райы Күншығыс елінде соңғы рет осыдан 55 жыл бұрын тіркелген.
Авторы: Әсия Нұрлыбаева