БҰҰ Семейді сауықтыру қарарын қабылдады

БҰҰ Семейді сауықтыру қарарын қабылдады

Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының жалпы отырысында Қазақстандағы Семей өңірінде халықты оңалту, қоршаған ортаны қалпына келтіру және экономикалық дамыту мақсатындағы халықаралық ынтымақтастық және әрекет үйлестіру туралы қарары бірауыздан қабылданды.

Бұл БҰҰ Бас Ассамблеясының Семей өңіріне арналған он бірінші қарары. Оның алғашқысы 1997 жылы қабылданды. БҰҰ-ның 85 мүше-мемлекеті қарардың бірлескен авторлығына қосылды.

Семей өңірі бойынша қабылданған қарар – халық, әсіресе жас балалардың және басқа да осал топтардың өмірі мен денсаулықтарына ядролық сынақтардың ұзақ мерзімді салдарлары бойынша халықаралық қоғамдастықтың алаңдаушылығының көрнекті дәлелі.

Құжатта Семей өңірінің қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін ішкі ресурстар бөлудегі Қазақстан Үкіметінің маңызды рөлі атап айтылады. Сондай-ақ, құжат халықаралық қауымдастықты зардап шеккен халықты емдеу мен қызмет көрсетудің арнайы бағдарламалар мен жобаларын әзірлеу және жүзеге асыруда, сондай-ақ Семей өңірінде экономикалық өсу мен орнықты дамуды қамтамасыз ету бойынша күш-жігерлерге Қазақстанға көмек беруге шақырады.