Жапонияда жер сілкінісінен 24 адам көз жұмды
Жапонияда жойқын жер сілкінісі кезінде 24 адам ажал құшты.
Бұл ақпаратты Исикава префектурасының әкімшілігі растаған. Тағы 40-тан астам тұрғын түрлі жарақат алған. 32 мыңнан аса үй жарықсыз қалды. Жапонияның орталық аймағында магнитудасы 3 балдан 7,6 балға дейін бірнеше рет жер сілкінді. Ә дегенде цунами қаупі туралы ескерту жарияланып, кейін ол 20 сағаттан соң алынып тасталған.
Фумио Кисида, Жапония премьер-министрі:
«Біз кешеден бері сенімді және толық ақпарат жинауға барымызды салып жатырмыз. Бірақ Ното түбегінің солтүстік бөлігіне жету мүмкін болмай жатыр. Ол жақтағы жолдар қирап қалған. Тікұшақпен жасалған тексеру лай көшкіні жүргенін, өрт болғанын көрсетті. Аймаққа 1 мың сарбаз жібердік. Қазір цунами қаупі төніп тұрған жоқ».