Ғалымдар: Табиғатқа бейімделіп өмір сүр
Жаңа жыл кей мемлекет тұрғындары үшін жайсыз басталды. Әсіресе мұхитқа жақын елдерге тыныштық жоқ.
Австралия халқын дауыл мен тасқын әбігерге салып жатыр. АҚШ-та да осындай жағдай.
Австралияның оңтүстік-шығысындағы Виктория штатында дүлей дауыл соғып, 50 мың үй мен бизнес нысаны жарықсыз қалды. Аймақта бірнеше жерге жай түскен. Осыған байланысты Мельбурн әуежайындағы рейстер кейінге шегерілді.
Кэмерон Дик, Квинсленд штаты премьерінің орынбасары:
- Жыл енді басталып жатса да, күн райы өте қолайсыз болып тұр. Сондықтан тұрғындарға далаға беталды шықпауға кеңес береміз. Су тасқыны жолдарды шайып жатыр. Апат аяқ астынан болуы мүмкін. Сондықтан барынша сақ болыңыздар.
Толассыз құйған нөсер соңы алапат тасқынға ұласты. Квинсленд штатында бір күнде 1 айдың мөлшері түскен. Билік төмендеу жерде тұратын адамдарға қауіпсіз жаққа көшуге кеңес берді. Мамандар тосын табиғи апатқа климаттың өзгеруі себеп болды дейді.
АҚШ-тың Калифорния штатында да жағдай қиын. Тынық мұхитында көтерілген толқынның биіктігі 7 метрге дейін жеткен. Билік жағаға жақын елдімекендерді су басуы мүмкін деп қауіптенеді.
Ғаламдық жылыну тудырған "Эль-Нино" құбылысынан орманда жиі өрт шығып, құрғақшылық жайлап, дауылдар қалыпты жағдайға айналды. Сарапшылар климат өзгерісіне бейімделіп өмір сүруден басқа жол жоқ деп есептейді.