Германияда баспана жалдау құны аспандап барады
Жалпы баспана мәселесін түбегейлі шешкен ел жоқ деуге болады. Дамыған мемлекеттердің өзінде қайшылық туындап жатыр.
Германия да жаңа жылды дағдарыспен бастады. Мұнда пәтер жалдау құны шарықтап барады. Ел тұрғындарының жартысының өз үйі жоқ
Жалпы еуропалықтардың 70% үй жалдап тұрады екен.
Германияның ірі шаһарларында үй жалдау бағасы 2 есе өсті. Қала орталығында тұрып келгендер шет аудандарға қоныс аударуға мәжбүр. Негізі неміс елінде қымбатшылық барлық саланы қамтып жатыр. Тұрмысы төмен адамдар көбейді.
Коринна Бауман, Мюнхен тұрғыны:
- Біздің ауданда бір бөлмені жалдау құны 3,5 мың еуродан асады. Бұл – өте күлкілі жағдай. Ол бөлмеде тұру үшін бар тапқан-таянғаныңды соған беруің керек. Жалпы кейінгі кездері өмір сүру қиындап кетті.
Сарапшылар жалдау құнының өсуіне Ресей мен Украина арасындағы соғыстың әсері бар дейді. Энергия тұтыну қымбаттап, инфляция ырыққа көнбей тұр. Германияның Орталық банкі пайыздық мөлшерлемені біртіндеп көтеріп жатыр.
Стефан Киппес, жылжымайтын мүлік нарығының сарапшысы:
- Орталық банк пайыздық мөлшерлемені 4 есе өсірді. Бұл пәтер бағасының қымбаттауына алып келді. Жаңа үйлер де аз салынып жатыр. Мысалы, Мюнхенде баспана тұрғызу көрсеткіші 10%, ал Баварияда 28%-ке төмендеді.
Германия нарығындағы сұранысты қанағаттандыру үшін кемі 700 мың үй салыну қажет. Бірақ бұған құлшынып отырған құрылыс компаниялары көрінбейді. Өйткені қазіргі жағдайда пайдасынан шығыны көп. Яғни, құрылыс құны өзін өзі ақтамайды.
Авторы: Ернат Мелсұлы.