Испаниядағы инклюзивті мектептерде маман жетіспейді
Испаниядағы инклюзивті мектептерде маман тапшылығы сезілуде.
Биылдан бастап арнайы оқыту мен бала күту сағаттары 15 пайызға артқанымен мыңдаған тәлімгер тәрбиешісіз қалған. Бұл мәселе мектеп пен ата-аналарды алаңдатып отыр.
Испаниядағы инклюзивті білім беру мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытудың ең озық жүйесі болып саналады. Сондықтан бастауыш және орта деңгейдегі мектептерде физикалық, интеллектуалдық немесе басқа да ерекшеліктері бар балақайлар қарапайым оқушылармен бірдей білім алады. Испанияның заңнамалық базасы ерекше қажеттіліктері бар оқушылардың жалпы білім беру жүйесіне қол жеткізуін реттейтін бірқатар корольдік жарлықтарды қамтиды. Дей тұрғанмен биыл оқушылар саны күрт артып, ал оқытушылар сағаты мыңдаған балаға жетпей қалған.
Лая Ассо, инклюзивті білім беру орталығының басшысы:
- Тәрбиешілерге бөлінетін қаражат қысқарған жоқ. Дегенмен инклюзивті білімге мұқтаж бала саны 28 мыңнан 35 мыңға артты. Яғни 27 пайызға көбейген. Сондықтан мыңдаған балаға бөлінген сағат саны жетпей отыр.
Роджер Порта Виньяс, мектеп директоры:
- Соңғы үш жылда сағат саны қысқарып ғана қоймай, сабақ сапасына да нұсқан келіп жатыр. Бұл салаға қызығушылық танытып жүрген жастар саны да айтарлықтай қысқарған. Осы саладағы реформаны түгебейлі қайта қарастыру керек,- деп есептеймін.
Сағаты қатты қысқарған оқушылар қатарында екінші сыныптағы Омар мен мектеп табалдырығын енді аттаған Джонатан бар. Омар, мәселен, аутизм дертіне шалдыққан. Өткен жылы аптасына 8 рет қамқорлық сағатын алса, биыл екі сағатқа дейін қысқарып қалды. Джонатанның да мемлекеттен бөлінген тоғыз сағаттық уақыты биылдан бастап аптасына үш сағатқа дейін қысқарып қалды.
Кристина Рубио, Джонатанның анасы:
- Балам мектепте асты өздігімен жей алмайды, оған тамақты турап беру керек. Биыл сағат саны жетпей қалып, балам қатты қиналды. Бір шешімін табатын уақыт келді.
Роберт, тәрбиеші:
- Жаз кезінде жұмыссыз қалып, күзде қайта жұмысқа шақырыламын. Мектеп пен ұстаз арасында ұзақмерзімді келісім жасалу керек. Жиырма жылдық тәжірибем бар болса да, осылай сабылып жүрмін. Сондықтан көп ұстаздар ұзақ кідірмей, мектеп емес, ақылы орталықтарға кетіп жатыр.
Жыл сайын ел парламенті Испаниядағы инклюзивті білім беруге 30 млн еуро қаражат бөліп отырады. Дегенмен осы саладағы мәселе күн сайын күрделеніп келеді, деп мойындайды мектеп қызметкерлері мен ата-аналар. Сондықтан қоғамда еңбек жағдайын жақсартып, кәсіподақтармен келісім-шартты қайта қарастыру қажеттігі жиі көтеріліп жүр.
Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач