Парижде туристік салық 200% өсті
Биыл дүниежүзі бойынша 1,5 миллиард адам саяхатқа шығады.
Біріккен Ұлттар ұйымына қарасты Халықаралық туризм ұйымының дерегі осындай. Әлемдік туризм коронавирус кезіндегі дағдарыстан кейін ес жинай бастады.
Туристердің мұндай қалың нөпірі соңғы рет 2019 жылы болған еді. Бірақ туризмнің дамуына түрлі кедергілер әлі де көп сияқты.
Мамандардың зерттеуінше, әлемдегі 10 туристің 8-і мұхит, теңіз, өзен-көлдің жағасына барып демалғанды құп көреді екен. Мұны қонақ күтуші елдер де сезіп, туристердің қалтасын қағып қалуды ойластырып жатыр. Туризмде тағы қандай түйткілдер бар?
Туристік орын қоқыс алаңына айналды
Қоқыс туристер нөпірін тоқтатты. Босния және Герцеговинаның шығыс шекарасына жақын, саяхатшылар көп баратын аймақ пластик пен қалдыққа толып кеткен. Бұған басты себеп, жергілікті су электр станциясы су бөгеті бітеліп қалмас үшін Дрина өзенінің бойына сүзгі қойған. Енді осындағы көріністен шошыған туристер бұл жаққа аяқ баспайтын болды. Жылда мол табыс тауып үйренген қонақ үйлер мен мейрамханалар бірінен соң бірі банкротқа ұшырап жатыр.
Дежан Фуртула, эколог:
- Менің артымда тұрған Вишеград көлі. Қоқыс оның 5 мың текше метр аумағын басып қалған. Бұл жерде не жоқ дейсіз? Медициналық қалдықтар, автобөлшектер, тіпті жануарлардың өлексесіне дейін бар. Туристер мүлде келмей қойды.
Кубада туризм тұралады
Куба экономикасының күретамыры – туризм тұралап тұр. Былтыр «Бостандық еліне» 2 миллион 450 мың саяхатшы келген. Мамандар бұл болжанған межеден 1 миллион адамға аз дейді. Бұрын Куба үшін жыл сайын 4 миллион турист қабылдау қалыпты жағдай болатын. Туризмнің кері кетуіне экономикалық дағдарыс себеп. Жергілікті жұрттың атакәсібін дөңгелетуге шамасы жоқ. Елді жаппай қымбатшылық жайлап алған. Жанармай ақысы 5 есе, ал газ бен электр энергиясының бағасы 25%-ке көтерілген.
Мерседец Бенитез, мұғалім
- Тауық етін сүйіп жейтін едім. Бірақ ол көзден бұл-бұл ұшты. Ақшамыз газ, электр жарығынан артылмайды. Турист түгілі өзімізді жарылқай алмай жүрміз.
Парижде туристік салық 200% өсті
Биыл Парижде қонақ үй немесе басқа орында тұрғаны үшін төлейтін салық көлемі өсті. Мәселен, қамал немесе сарайға тоқтағандар бір түн үшін 15 еуро 95 цент төлейді. Бұл – 7 мың теңгеден асатын сома. Мамандар: «былтыр бұдан 200% арзан болған еді», - дейді. Бесжұлдызды қонақ үйдегі салық – 10, төртжұлдызды мейманханада – 8 еуро. Францияның Туризм агенттігі салық көлемін көтеруді Олимпиадаға дайындықпен байланыстырады. Парижге туристер қазірден ағылып жатқанға ұқсайды.
Джордж Михайлидис, турист:
- Өзім Грекиядан келдім. Сондықтан болар біз Олимпиада ойындарын ұнатамыз. Анам үшін Париж Олимпиадасы бейнеленген ыдыс сатып алдым. Қарындастарыма магнит естелік сыйлаймын. Олимпиадаға дайындық қазірден мықты жүріп жатыр екен. Парижге келу әр адамның арманы деп ойлаймын.
Грекияда туристерге салық енгізілді
Грекия да туристер үшін салық енгізді. Көлемі 1 еуро 50 центтен басталып, 10 еуроға дейін жетеді. Бұл қонақ үйдің жұлдыз санына байланысты. Грекия үкіметі туристік салықтан түскен қаржыны климат өзгерісінен туындаған өрт пен тасқын салдарымен күреске жұмсайтынын айтады.
Туристер $10 салық төлейді
Биыл Балиге бару қиындайды. 14 ақпаннан бастап шетелдік туристер 10 доллар салық төлеуге міндеттелді. Индонезия билігі: «бұл ақшаны аралдың табиғатын сақтауға және мәдениетін көтеруге жұмсаймыз», - дейді. Былтыр Балиге 2 миллионнан астам турист барған.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық туризм ұйымы биылғы жыл - әлем бойынша туристер өте көп болатын жыл деп ескертті. Ескертетіндей жөні бар. Өйткені туристердің шамадан тыс көп болғаны жергілікті тұрғындарға пайда ғана емес, залал да келтіреді екен. Мәселен, 2022 жылы халық саны 1 миллионнан сәл асатын Амстердамға 4 миллион 600 мың саяхатшы барған. Ал АҚШ-тағы 1 миллион 400 мың адам тұратын Гавайи штатында бір жылда 9 миллион 200 мың турист болған.