АҚШ-та дүлей дауылдан рейстер тоқтатылды

Ауа температурасының күрт төмендеп, күн райының суып кетуі – тек сол аймақтың жергілікті халқына ғана емес, халықаралық әуе және теңіз қатынастарына да кедергі.

Ал оның салдары – экономикалық шығын. АҚШ, Канада және Ресейде дүлей дауыл мен боранның салдарымен күрес жүргізіліп жатыр: Вашингтонда ірі теңіз айлағын су басып қалса, Ресей мен Канада әуе рейстерін кейінге шегеруге мәжбүр.

Арктикалық жел логистикаға кедергі

Арктикалық желдің жылдамдығы сағатына 60 шақырымға жетіп тұр. Ал ауа температурасы Цельсий бағамы бойынша - 20 градус. Бұл, ең алдымен, Канадада жергілікті теңіз арыстандарына ұнап жатыр. Олар мұздай суда рахаттана жүзіп жүр. Алайда қала тұрғындары арктикалық желден, керісінше, әбігерге түсті. Қаланың негізгі жолдары жабылып, логистикалық қиындықтар туындады.

 

Вашингтондағы ірі айлақты су басып қалды

АҚШ-та ауа райының күрт бұзылуы салдарынан негізгі паром қызметі уақытша істен шықты. «Вашингтон» паром палубасын су басып қалды. Хуан-де-Фука бұғазы маңындағы бұл айлақтың су астында қалуы тек саяхатшыларды әбігерге салып қана қоймай, жүк тасымалы мен логистикалық қызметтерге де кедергі келтірді. Компания судан келген шығынды есептеп жатыр.

 

АҚШ-та дүлей дауылдан рейстер тоқтатылды

Елдің Шығыс жағалауы да су астында қалды. Дүлей дауыл салдарынан 300 мың тұрғын үйде электр энергиясы істен шығып, кейбір әуе рейстері кейінге шегерілді. Ұлттық ауа райы қызметінің мәліметі бойынша, Мэн штатындағы 50 миллионнан астам тұрғынның өміріне қауіп төніп тұр. Алдағы тәулікте су тасқынынан құтқару жұмыстары басталады, деп хабарлады жергілікті билік өкілдері.

 

Әуе рейстері кейінге шегерілді 

Ресейде де боранның салдарынан әуе рейстері тоқтатылды. Салехард әуежайы ел астанасы мен солтүстік аймақты байланыстырады. Сонымен қатар елдің солтүстік аймағында жолдар жабылды. Синоптиктердің болжамынша, алдағы тәулікте  суық күн райы сақталады. Аймақтағы ауа температурасы - 33 градусқа дейін төмендейді. Соңғы бірнеше жылда климаттың өзгеруі салдарынан елдегі тұрақсыз жағдай қалыпты құбылысқа айналып барады, - дейді метеорологтар.

Авторы: Сымбат Молдатай.