Газа секторындағы балалар психологиялық көмекке зәру
Олардың 95 пайызы күйзеліске түскен. Агрессияға жақын не болмаса тым ішінен тынып жүреді.
Save the Children гуманитарлық ұйымының баяндамасында осындай мәліметтер айтылған. Қақтығыс кезінде ересек адамдарға қарағанда кәмелет жасына толмаған жеткіншектер көп депрессияға ұшырайды екен. Ғалымдар осындай тұжырым жасап отыр.
Таяу шығыстағы қақтығыстың болып жатқанына 100 күннен асты. Бұл қақтығыс бүгін не ертең біткен күннің өзінде, оның ауыр зардабын адам ғұмыр бойы арқалап жүреді дейді, сарапшылар. Десе де мұндағы балалар үрейде өмір сүрсе де, ертеңіне үмітпен қарайды.
Ойын баласының күйзелістен қайдан хабары болсын?! Десе де Газадағы жасөспірімдердің 63 пайызы психикалық ауытқулардан зардап шегіп отыр. Ал 68 пайызы ұйқысыздыққа шалдыққан. Үздіксіз бомбалаудың салдары осындай. Таяу Шығыстағы қақтығыс басталғаннан бері 100 күн ішінде Газа секторындағы 1 миллион 100 мың баланың 10 мыңы көз жұмды.
Цитата: Хасан Зейада, психолог:
- Балалардың ұйқысы қанбайды. Олар қорқынышты түс көреді. Бәрінің көңілі алаң. Қолдарының дірілдегіне қарап-ақ, жүйке жүйесіне қаншалықты зақым келгенін білуге болады.
2014 жылғы қарулы қақтығыс кезінде Хасан Зейаданың отбасында 6 адам мерт болды. Ес жиып, етек-жеңін жинау үшін ол біраз жылын жұмсады. Содан кейін өз жерлестерінің жүрегіндегі жарасын жазып, мұңын тыңдауды жөн көреді. Хасан 10 жылдан бері психолог маман ретінде қызмет етіп келеді.
Адамзат Газадағы қақтығысқа тек былтыр немесе биыл куә болып отырған жоқ. Таяу Шығыстан тыныштық кеткелі қашан. Халық 2006 жылдан бері 7 түрлі қақтығысты көрді. Басынан қара бұлт арылмай-ақ қойды. Түрлі ауру тарап, аштық алқымнан алып бара жатса да, тірі адам тіршілігін жасайды. Жоқшылық көріп жетілген бала, өмірдің ыстық-суығына төзімді келеді. Бұл сөзіме Лана есімді, 10 жасар балақайдың сөзі дәлел болсын.
Цитата: Лана, бала:
- Бұл соғыс бәрімізге қатты әсер етті. Үйімізден көшуге мәжбүр болдық. Бірақ соғыс бізді үнемшілдікке үйретті. Мәселен суды рәсуаламай, үнемдеп тұтынуға дағдыландық.
Қорғансызға қамқорлық
Қазақ жетімін жылатпаған... дәл осы теңеу газалықтарға да тән секілді. Оған еріктілердің мына жан жылытар көрінісі дәлел...
Бұл - Маваси лагері. Қақтығыс алаңынан бас сауғалаған жандардың уақытша панасы. Осындағы балалардың көңілін ауламақ болып, бір топ ерікті ойын-сауық ұйымдастырды. Ән айтып, би биледі. Түрлі қойылымдар қойды.
Блиц:
- Бүгін болмаса ертең, бәлкім көп жылдан соң, түбі бейбіт күн туады. Біз соған сенеміз.
- Ең бастысы ішкі рух мықты болу керек. Қанша қиын болғанымен, ештеңеден қаймықпауға тиіспіз.
Cөз соңында назарларыңызға осы қақтығыс алаңында жүрген бүлдіршіндердің езуін тартып, күлімсіреп түскен фотосуреттерін ұсынамыз. Олар жергілікті бақ өкілдерінің, журналистердің әлеуметтік желідегі жеке парақшаларынан алынды.