Немістерге жүктелген салықтың салмағы ауыр

Германияның ауқатты адамдары салықты міндетті сомадан көп төлейді, деп хабарлайды 24KZ.

Неміс билігі көпбалалы отбасыларға жәрдемдесу мақсатында осындай жүйе енгізген. Бұдан бөлек, салықтан түскен қаражат әлеуметтік салаларды қолдауға жұмсалмақшы.

Германияда үдемелі салық жүйесі бар. Яғни, азаматтардың табысы қаншалық жоғары болса, салық мөлшері де соған сай есептеледі. Негізгі табыс салығын жұмыс беруші өз мойнына алады. Бұдан бөлек, төлемдердің 40-қа жуық түрі бар, олардың негізгілері: мүлік, көлік және мұра салығы.

Славия, тұрғын:

- Германияда салық төлеу мәдениеті жақсы қалыптасқан. Әрбір неміс салық төлеу кезінде мемлекетке, ортақ игілікке үлесімді қосып жатырмын, қолдап жатырмын деген патриоттық сезімде болады. Егер сіз білім алып жатсаңыз, ерікті болсаңыз немесе балалы болсаңыз, мемлекет оған ерекше көңіл  бөледі. Сондай-ақ блог жүргізсеңіз, қандай да бір тауарды жарнамаласаңыз, салық мөлшері жеңілдетіледі. Ол үшін тек тіркелу керек.

Немістерге жүктелген салықтың салмағы ауыр. Дегенмен кәсібі бар азаматтар міндетті төлемдерді қысқарта алады. Мәселен, кеңсеге керек жабдықтарды сатып алуға немесе арнайы киімге кеткен шығынның орнын толтыруға мемлекет жәрдемдеседі. Салық тек таза табыстан есептеледі.

Кристиан Гроссе, салық сарапшысы:

- Инфрақұрылым, білім беру саласын, ғылыми зерттеу жұмыстарын қаржыландыру үшін мемлекет салықты күшейтіп отыр. Салықтан түскен қаражаттың басым бөлігі әлеуметтік салаға жұмсалады.

Сарапшылар: «салықтан жалтару мүмкін емес», - дейді. Өйткені заң қатал. Мәселен, міндетті соманы төлеуден қашқан азаматқа айыппұл салынады. Оның мөлшері де әртүрлі. Сондай-ақ алаяқтыққа барып, қылмыс жасаса, 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Авторлары: Фариза Жанғанаева, Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский.