Қызыл теңіздегі текетірес жаһандық экономикаға қауіп төндірді
Йемендік хуситтердің Қызыл теңіздегі жүк кемелеріне жасаған шабуылы толастар емес.
Сол себепті әлемнің ірі жүк тасымалдау компаниялары бұл аймаққа бас сұқпай, айналма жол арқылы өтуге мәжбүр. Ал мұның салдары жаһандық экономикаға кері әсерін тигізіп отыр. Осының алдын алу үшін АҚШ бастаған коалиция хуситтерге қарсы әскери операция бастады. Йемендік көтерілісшілердің кемелерді атқылауына не себеп? Одан әлем экономикасына келер қауіп қандай?
Мұндағы мақсат – Палестинаға қолдау көрсету. Яғни, теңіз блокадасы арқылы Америка мен Израильге геосаяси тұрғыдан қысым көрсету.
Әлем экономикасы тұрақты дамуы үшін сауда-саттық бір сәтке де тоқтамауы тиіс. Бүгінде халықаралық алыс-берістің шамамен 80%-і теңіз жолдары арқылы жүзеге асады. Сондықтан кемелердің шығыны аз болып, порттарға жылдам жетуі өте маңызды. Бірақ теңіздің сағасы тар жерлер алып кемелердің қатынауына біраз қиындық келтіреді. Қызыл теңіз – соның айқын айғағы. Аталған су айдынында осындай 2 учаске бар. Бірі – солтүстіктегі Суэц каналы болса, екіншісі – түстіктегі Баб әл-Мандеб бұғазы. Әлемдік сауданың шамамен 12%-і бүгінде осы жолдың үлесінде. Контейнерлер тасымалының 20% жуығы аталған су жолымен өтеді. Теңіз мұнайының 10%-і, сұйытылған табиғи газдың 8%-і дәл осы бағытпен тасымалданады. Бірақ хуситтердің кесірінен мұның бәрі артта қалды. Осы уақытқа дейін олар кемі 12 рет коммерциялық кемелерге шабуыл жасады. Қолда бар мәлімет бойынша транзиттік кемелерге қарсы 100-ден аса дрон мен зымыран ұшырған. Хусит жетекшілерінің айтуынша, шабуылдар палестиналықтарды қолдау мақсатында жасалған. Яғни, теңіз блокадасы арқылы Америка мен Израильге геосаяси тұрғыдан қысым көрсету.
Эухенио Лопес, экономист:
- Қақтығыстың кесірі қазір барлық кемелерге тиіп жатыр. Ең үлкен проблема осында. Жүк кемелері Суэц каналына өте алмай жатыр. Сондықтан оңтүстік Африканы айналып өтуге мәжбүр. Ал бұл – уақыт жағынан да, қаржы жағынан да үлкен шығын. Оның әсері қарапайым халыққа да тиері сөзсіз.
Расымен де, хуситтердің шабуылы тек аталған екі елге ғана әсер етіп отырған жоқ. Бүкіл әлемге кесірін тигізіп жатыр. Йемендік көтерілісшілердің әрекетінен кеме қатынасының еркіндігі бұзылып, дамыған мемлекеттер тауар тасымалдаудың басқа бағыттарын таңдауға мәжбүр. Бұған дейін теңіз арқылы жүк жеткізумен айналысатын әлемдегі ең ірі 5 компанияның төртеуі аймақтағы шиеленіске байланысты дәл осы су айдыны арқылы тауар тасымалдауды тоқтататынын жариялады. Кейін бұл тізімге British Petroleum де қосылды. Егер осы топқа энергетикалық компаниялар қосылса, мұнай мен газ тасымалына айтарлықтай қауіп төнуі мүмкін.
Халед Киари, Таяу Шығыс, Азия және Тынық мұхиты бойынша саяси сарапшы:
- Йемен мен аймақтағы жағдай саяси, экономикалық және гуманитарлық зардаптарға әкелуі мүмкін. Біз аймақтық бейбітшілікті, қауіпсіздікті немесе халықаралық сауданы бұзуға әкелетін шиеленісті болдырмау үшін тараптарды шабуылды тоқтатуға шақырамыз.
Sea-Intelligence консалтингтік компаниясының мәліметі бойынша жүк тасымалдау мерзімінің өзгеруі мен бағаның күрт өсуі қызмет түріне сұранысты азайтып отыр. Тауар жеткізу көлемі 57%-ке төмендеп кеткен. Ал Қызыл теңіз арқылы жүзетін кемелерді сақтандыру небәрі 2 айдың ішінде 0,07%-тен 1%-ке дейін өскен. Бұл өте қымбат. Мәселен, құны 130 миллион тұратын танкер енді 1,3 миллион доллар көлемінде сақтандыру жарнасын төлеуі керек. Бұрын бұл сома 91 мың доллар болатын. Сондықтан да Еуропа мен Азия арасында қатынайтын контейнер тасымалдаушылары осыдан 150 жыл бұрын өзектілігін жоғалтқан жолға қайтадан бет бұрып жатыр. Яғни, Африканы айналып өте бастады. Бірақ бұл да кеме иелерін шығынға батырғалы тұр. Өйткені сапар 7 мың 400 шақырымға ұзарып, тауар бұрынғыға қарағанда 14 күнге кешігіп жетеді.
Мәселенің шешімі қандай? Хуситтерге тойтарыс беру, әрине. Осы мақсатта Америка Құрама Штаттары мен оның одақтастары кемелерді қорғау миссиясын бастады. Йемендегі хуситтер бүкіл әлем үшін стратегиялық маңызы бар су жолдарының бірін бөгеп тастағаннан кейін АҚШ Парсы шығанағындағы әскери-теңіз күштерін Аден бұғазына жіберді. Ондаған мемлекеттен құралған коалиция осы аймақтағы кемелерді қорғау мақсатында жедел әрекет ету тобын құрды.
Джо Байден, АҚШ президенті:
- Бүгін менің нұсқауым бойынша АҚШ әскери күштері Ұлыбританиямен бірге және Австралия, Бахрейн, Канада, Нидерландының қолдауымен Йемендегі бірқатар нысандарға сәтті соққы берді. Хусит көтерілісшілері әлемдегі ең маңызды су жолдарының бірінде навигация еркіндігіне қауіп төндірді. Бұл соққылар хуситтердің Қызыл теңіздегі халықаралық теңіз кемелеріне бұрын-соңды болмаған шабуылдарына, соның ішінде тарихта алғаш рет кеме баллистикалық зымырандарын пайдалануға тікелей жауап болып табылады.
Өз кезегінде БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі Қызыл теңіздегі оқиғаларға қатысты қарар қабылдады. Аталған ұйым хуситтерден шабуылдарды дереу доғаруды талап етіп отыр. Құжатта хуситтердің іс-әрекеті қатаң сынға алынды.