Қытайдың бірнеше аймағында қуатты жер сілкінісі болды

Бұл көршілес Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстанға да әсер етіп, жер асты дүмпулері тіркелді.

Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық аймағында 7,1 баллдық жер сілкінісі болды. Зілзала ошағы Ақсу префектурасының Уши уезінде 22 шақырым тереңдікте тіркелген. Табиғат апатынан елдің кей аудандарында электр желілері істен шығып, тұрғын үйлер мен ғимараттар қирап қалды. Зардап шеккендер туралы әзірге ақпарат жоқ. Зілзала ауданына құтқарушылар аттандырылды.

Қырғызстанда зілзала болды

Қырғызстан аумағында да жер сілкінісі болды. Жергілікті БАҚ-тың мәліметі бойынша, зілзала магнитудасы 6,2 балды құрады. Жер асты дүмпулері Ыстықкөл облысының Жетіқұз, Ақсу аудандарында қатты сезілді. Қаза тапқандар туралы ақпарат жоқ. Қырғызстанның Төтенше жағдайлар министрі зілзаланың қаупі жоғары деген ақпардың қауесет екенін айтып, тұрғындарды сабыр сақтауға шақырды. Өзбекстанда да 3-4 балдық жер сілкінісі тіркелді. Дүмпулер Ташкентте, Андижанда және Ферғанада қайталанды. 

Авторы: Фариза Жанғанаева