Түркі мемлекеттерінің Бәсекелестік кеңесі құрылды
Алқалы жиынға бауырлас елдердің Монополияға қарсы мекеме басшылары қатысты.
Кеңес экономикалық бәсекелестік пен инвестициялық мүмкіндіктерді өзара тиімді пайдалануға жәрдемдеспек.
Бәсекелестік кеңес елдер арасындағы ықпалдастықты ілгерілету ісін жаңа деңгейге көтеріп, ұйымның мәртебелі миссиясын жүзеге асыруға тың серпін береді-дейді жиын қатысушылары. Делегаттар ұсыныстарын ортаға салды. Қазақстан тарапы көлік және байланыс саласында нәтиже берген жобаларын көрсетті.
Марат Омаров, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы:
- Қазақстан Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі нақты ұсыныстармен келе жатармыз. Мысалы, бүгін мен бір жаңалықтар айттым. Өткен жылда біз үлкен тергеп-тексерулер аяқтадық. Мысалы, такси, телеком нарығында авиация нарығында үлкен нәтижелер бар. Сол нәтижелерде әріптестерге көрсеттік.
Бауырлас елдердің монополияға қарсы мекеме басшылары өзара тәжірибе алмасуға уағдаласты.
Бироль Куле, Түркияның Бәсекелестік жөніндегі агенттік президенті:
- Сауда-саттық әлеуетін арттырып, адалдық принципін қалыптастыру тұрғысынан бүгінгі жиынның мәні зор. Сондай-ақ, Түркі мемлекеттері Бәсекелестік кеңесін құру заман талабы. Мол тәжірибемізді күллі түркі халықтарымен бөлісуге дайынбыз.
Бәсекелестік кеңестің тағы бір көздегені, бизнес қауымдастықтың бюрократиялық кедергісіз жұмыс істеуіне ықпал етеді.
Мерей Мұқажан, Түркі мемлекеттері ұйымы бас хатшысының орынбасары:
- Түркі мемлекеттері Бәсекелестік кеңесінің алғашқы отырысына қатысып отырмыз. Бұл бір тарихи жағдай. Түркі мемлекеттері ұйымы көптеген салаларда ынтымақтастық орнатуда. Ал бұл салада алғаш рет жиын өткізіп отырмыз. Өздеріңіз білесіздер бәсекелестік қай салада болса да маңызды.
Жиын соңында агенттік басшылары Түркі мемлекеттері Бәсекелестік органдары кеңесінің құру жөнінде құжатқа қол қойды. Ал келесі басқосу Әзірбайжанда өтетін болды.
Авторы: Меруерт Қанағат