Ұлыбританияда бір реттік вейпке тыйым салынады
Ұлыбританияда вейптерді жасөспірімдерге сатуға тыйым салынған.
Бірақ электронды темекі түрі жастардың ермегіне айналып барады, - дейді мамандар. Етек алған жағымсыз әдетпен билік өкілдері қалай күреспек?
Соңғы мәліметтерге сәйкес бір рет пайдаланатын электронды темекіге құмар балалардың саны соңғы 3 жылда 3 есеге артқан. Қазір 11 мен 15 жас аралығындағы жасөспірімдердің 9%-і вейп шегеді. Дәрігерлер вейпинг тәуелділік туғызып қана қоймай, болашақта өскелең ұрпақтың өкпесіне, жүрегіне және миына қауіп төндіруі мүмкін екендігін айтады.
Ронни Чанг, балалар дәрігері:
- Біз өкпесі сыр беріп, жансақтау бөліміне түскен балаларды да көрдік. Вейптің денсаулыққа тигізетін кері әсерін білу үшін зерттеулер жүргізу қажет.
Үкімет тыйым салу шараларын жүзеге асыру үшін құқық қорғау органдары мен шекара қызметіне жылына қосымша 30 миллион фунт бөлуді ұйғарып отыр. Жаңа заң келер жылдың басында күшіне енеді.
Риши Сунак, Ұлыбритания премьер-министрі:
- Балалар вейпингтен аулақ болулары керек. Біз олардың электронды темекіге тәуелді болғанын қаламаймыз. Жалпы алғанда жас буын өкілдерінің денсаулығын жақсартуға бағытталған ұзақ мерзімді шаралар кешенін қабылдамақпыз.
Мамандар бір реттік вейптерді жасау үшін қолданылатын литий батареясы сияқты материалдар мен химиялық заттар қоршаған ортаны ластайды деп отыр. Өйткені электронды шылымқұмарлардың тек 17%-і ғана вейптерін тиісті қоқыс жәшіктеріне салады екен. Апта сайын 5 миллионға жуық вейп далаға тасталатын көрінеді. Оппозиция билік тыйым салу шараларын тым кеш қабылдап жатыр деп сынады.
Кир Стармер, Лейбористер партиясының көшбасшысы:
- Неліктен тыйым салу үшін 2 жыл қажет болды? Яғни, премьер-министр депутаттарына заңды өткізе алмайды деген қауіп бар. Бірақ Лейбористер партиясы ұлттық мүдде үшін әрекет етіп, заңды қолдап, дауыс береді.
Сауда бірлестіктері мен вейп өндірушілер заң жобасына қарсы. Олардың айтуынша, билік партиясы осылайша жалпы сайлау алдында өзіне ұпай жинап алмақшы. Наразылар сондай-ақ «дәстүрлі темекіні қою үшін вейп шегуге көшкендерді назардан тыс қалдырды» дейді. Осы уақытқа дейін Денсаулық сақтау министрлігі шылымқорлықтан бас тартқысы келетіндерге электронды темекілерді тегін ұсынып келген. Мұндай қадамға бұрын-соңды ешбір мемлекет бармаған.
Маркус Сакстон, Вейп сауда қауымдастығының төрағасы:
- Егде жастағылар мен кейбір әлеуметтік топтардың өкілдері үшін бір реттік вейптер өте ыңғайлы. Миллиондаған адам темекіні тастау үшін вейпті қолдануға көшкен еді. Енді тыйымнан кейін қара нарық пайда болып, темекі шегушілер шылымқорлыққа қайта оралуы мүмкін.
Көптеген елде балалар мен жастар арасында вейпқұмарлар қатары артып барады. Бұған жауап ретінде АҚШ кейбір хош иістендіргіштерге тыйым салып тастады. Австралия электронды темекіні тек дәрігердің рецепті бойынша сатады.
Ғалымжан Қараманұлы, тілші:
- Ал Оңтүстік Корея, Үндістан және Бразилия вейп шегуге қатаң шектеулер енгізді. Қытайда да талап күшті. Дегенмен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша 88 елде вейптер балаларға қолжетімді, 74 елде электронды темекі туралы заң жоқ.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы.