Қазақстанмен экспортталатын көлік саны артты
Қытайдан Қазақстан арқылы экспортталатын автокөліктердің саны рекордтық деңгейге жетті.
2023 жылы тек Қорғас порты арқылы 304 мыңнан астам көлік жөнелтілген. Оның бір бөлігі жергілікті нарыққа жеткізілсе, қалғаны транзит арқылы өзге мемлекеттерге экспортталған.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- 304 мың автокөлік. Бұл Қорғас құрғақ портымен Қазақстан арқылы экспортталған машина саны. Ойлап қараңызшы. Бұл дегенің біздің Атырау, Семей, Қызылорда немесе Павлодар сияқты қалалардың тұрғындарын 100 пайыз машинамен қамтуға жетеді. Яғни еңбектеген баласынан еңкейген қариясына дейін су жаңа көлігі бар деп есептеңіз. Мұны масштабты шамалау үшін мысал ретінде келтіріп отырмын. Бұл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көрші елмен жасаған келісімдерден кейін небәрі бір жылдағы көрсеткіші ғана.
Үрімші Кеден басқармасының мәліметінше Қазақстанға 2023 жылы тек автокөлік экспортының өзі 307 пайыздан асқан. Бұл аумағы 8 мемлекетпен шектесетін Шыңжаң Ұйғыр автономдық ауданындағы жалпы көлік экспортының жартысынан көп бөлігі. Қытайда жасалған көліктердің басым бөлігі Ресей, Өзбекстан, Қырғыз, Еуропа елдеріне Қорғас порты арқылы теміржолмен жөнелтіледі.
Фу Бинфэн, автоөндірушілер қауымдастығының атқарушы төрағасы:
- Бұрын біз үшін негізгі авто импорт көзі Еуропа болатын. Кейінгі жылдары керісінше Еуропа елдері бізден алатын болды. Әсіресе электромобильдер сұранысқа ие. 2024 жылы Қытайда автокөлік өндірісі 31 миллион данаға дейін артады деп күтілуде.
Қытайдың Өндіріс және ақпараттық технологиялар министрлігінің мәліметінше былтыр елде жалпы саны 30 миллион көлік шығарылған. Оның 5 миллионы өзге елдерге экспортталған. Қытайдың бұл жетістігін әлемнің үздік автоөндірушілері мойындап отыр.
Томас Кернхейм – TÜV Rheinland Group ұйымының директоры:
- Қазіргі заманауи прогресс пен технологиялар кезеңінде автоөндіріс секторындағы жетістігі орасан. Қытай аз уақыт ішінде әлем нарығындағы автоэкспорт үлесін күрт арттырды. Әсіресе NEV санаттағы гибрид көліктер өндірісі 9,5 миллион данаға дейін өсті. Осы арқылы әлемдік рейтингтегі лидерлік статусын сақтап тұр. Саланың дамуына мемлекеттік қолдау тікелей әсер етіп отыр.
Қазақстан мен Орталық Азия елдерінде жаңа көліктерден бөлек, жүрілген машиналарға да сұраныс артқан. Қазір мұндай көліктерді саудалаумен айналысатын қытайлық компаниялар Қорғас қаласына тартыла бастады. Олар Қазақстан арқылы көлік жеткізу әлдеқайда тиімді екендігін айтады.
Нэ Хайлин, сату бөлімінің жетекшісі:
- Мәселен бүгіннің өзінде қазақстандық кәсіпкер 20 дана көлікке тапсырыс берді. Әлі тағы 500 авто алуға ниетті. Мұндай сұраныс өзге елдердің кәсіпкерлерінен де түсіп жатыр. Бұл түсінікті жағдай. Көліктерді теңіз арқылы жеткізсең 40 күннен астам уақыт кетеді. Ал Қазақстан арқылы бір аптаның көлемінде жеткізуге болады.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Қазақстан Қытай мемлекеті үшін Батыс пен Орталық Азия елдеріне шығатын күре жол. Қазіргі әлемде қалыптасқан геосаяси жағдайда Қазақстанның рөлі бұл тізбекте тіпті арта түсті. Көрші ел Қазақстанды сенімді әрі тұрақты әріптес санайды. Сондықтан Қытай экспорт, тауар айналымын бұдан әрі қарай арттыра береді. Енді Қазақстан Қытайдың экспорт қарқынына ілесіп қана қоймай, көлік-логистика саласын дамыта түсуі тиіс. Бұл Мемлекет басшысы қойып отырған стратегиялық міндет.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын