Қытай халқы Жаңа жылды тойлауды бастап кетті
Шығыстағы көршіміз оны Ай күнтізбесі бойынша атап өтеді.
«Чуньцзе» деп аталатын көктем мейрамы елдегі басты думанның бірі. Қазақ бұл мейрамды Шаған деп атайды. Ол қытай дәстүрі мен мәдениетіне сәйкес 40 күнге дейін жалғасады.
Қытайлар асыға күтетін көктем мейрамын тойлауды бастап кетті. Әдетте мемлекет григориан күнтізбесі бойынша Жаңа жылды 31 желтоқсанда қарсы алады. Бірақ Қытайда Ай күнтізбесіне ерекше мән беріледі. Сондықтан жергілікті жұрт биылғы Жаңа жылды осы ақпан айында атап өтеді. Жалпы бұл елде Айдаһар өркендеудің символы, күшті әрі асыл жаратылыс деп есептеледі. Яғни осы жыл сәтті әрі жайлы болады деген сенім бар.
Вонг Чун Нгай, Бейжің қаласының тұрғыны:
- Биылғы Жаңа жыл жылдағыдан ерекше. Бейжіңдегі жарық шамдар шоуын көруге арнайы келдім. Керемет ұйымдастырылған. Бұдан кейін отбасымызбен демалуға елді аралауға жолға шығамыз. Айдаһар қолайлы жыл. Сәтті жыл болатынына сенемін.
Мейрамның шығу тарихы қызық. Қытай аңызы бойынша Нянь деген қорқынышты құбыжық. Ол жыл сайын келіп адамдар мен жануарларды жұтып қоятын болған. Нянь қызыл түстен, оттан және қатты дыбыстан сескенген. Қытайлардың ырымдап отшашып, есік-терезелерін қызыл түске бояп тастайтыны содан екен. Сөйтіп кейін бұл бүкіл елдің салт-дәстүріне айналып кеткен.
Чжан Сиюэ, саяхатшы:
- Экологияға байланысты жаппай отшашуға тыйым салынған. Оны осы қаланың тұрғыны ретінде жақсы түсінеміз. Дегенмен отшашусыз мереке мереке бола ма? Орталықта өтетін шоуды тамашалауға келдік. Жұмыстан кейін бой сергітіп, жақындарыңмен атап өту бәріміз үшін маңызды.
Қытайлар үшін бұл қасиетті мейрам. Тіпті осы күні орбитадағы ғылыми станцияда жүрген ғарышкерлер байланысқа шығып халыққа құттықтау жолдайды.
Тан Шэнцзе, ғарышкер:
- Біздің экипаждың атынан жаңа жылдарыңызбен құттықтаймын! Көктем мерекесін ғарышта тойлау расында ерекше. Бұл мейрамның маңызы зор. Биылғы жыл ең қуанышты жыл болады деп сенемін.
Базарларда азық-түліктер төмен бағамен саудаланып, жұрттың көңілін көтеру үшін қоғамдық көліктерде жылжымалы жәрмеңкелер өткізіледі. Концерттер мен түрлі фестивальдар ұйымдастырылады.
Вэнь Чжунцюнь, жолаушы:
- Біздің үйге кешкі асқа мерекелік дастархан жайып отбасымыз жиналады. Үйге азық-түлік алуға базарға шыққанмын. Қажетті заттарды пойыздан табамын деп ойлаған жоқпын. Мұнда қой, тауық еті, көкөністер мен жеміс-жидектердің түр-түрі бар. Бастысы өте арзан.
Бейжіңде мерекелік іс-шаралар үлкен саябақтарда өтеді. Ең ауқымдыларының бірі айдаһарлар биі. Өнерпаздар дәстүрлі қойылым қойып, әуеде дрондардың көмегімен шоу ұйымдастырады. Оны тамашалауға елдің түкпір-түкпірінен мыңдаған адам келеді. Қытай жаңа жылы - ең әуелі отбасылық мереке. Тұрғындар өзге өңірлердегі туыстарына барады, ал шетелдегі қытай азаматтары отанына оралады. Бұл күндері әуежайлар мен теміржол вокзалдары адамға лық толып, ұзынсонар кезектер пайда болады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше мейрамның алғашқы күндерінде сапарға шыққан адам саны 200 миллионнан асқан. Сұранысты қамтамасыз ету үшін қосымша 176 бағытта пойыз іске қосылды.
Вэй Чжоу, шекаралық бекет офицері:
- 26 қаңтардан бастап жолаушылар саны артты. Бүгінгі күнге дейін 3,3 миллиард азамат саяхаттаған. Мереке соңына дейін бұл көрсеткіш 9 миллиардқа дейін жетіп қалуы мүмкін деп отырмыз. Маусым кезінде қажет болған жағдайда қосымша әуе рейстері ашылып, пойыздар саны көбейтіледі.
Көктем мерекесінде бүкіл қытай елінде ресми демалыс жарияланған. Биылғы мейрам 10-17 ақпанға түсіп тұр. Жұрт бір апта бойы демалады.
Авторы: Руслан Бақытбекұлы
«Соллаль» мейрамы басталды
Ал кәріс ұлтында жаңа жыл - "Соллаль" деп аталады. Бір сөзбен бұл, көктем мерекесі, жаңару мен гүлдену уақыты. Мерекеге орай Алматыдағы корей музыкалық комедия театры "Айдаһардың тууы" атты концерттік бағдарлама ұсынды. Қойылым ежелгі шығыс мифологиясынан сыр шертеді. Концерттік бағдарлама шымылдығын "Интро" көрнекі шоуы мен "Айдаһарлар шеруі" ашты. Өнерпаздар корей ұлтының ән-жырларымен қатар қазақ авторларының туындылары нақышына келтіре шырқады. Мың бұралған биге де орын табылды. Айта кетейік, Шығыс дүниетанымында айдаһар даналық пен күш-қуаттың нышаны. Сондықтан бұл жолғы ду-дүрмектің маңызы ерек. Жаңа жылдық мереке корей ұлтында үш күн тойланады.
Қазақстандық «Айқай» фильмі көрсетілді
Семей полигоны туралы қазақстандық "Айқай" фильмі Францияның Везуль қаласында Азия киносы халықаралық фестивалінің байқау бағдарламасына енді. Картина ядролық сынақтың жабылуының 30 жылдығына байланысты мемлекеттік қолдаудың көмегімен түсірілген. Көрсетілім алдында антиядролық тақырыпта сурет салатын Кәріпбек Күйіковтің шағын көрмесі болды. "Айқайдың" премьерасына көп көрермен жиналды. Мамандар қазақстандық фильм фестиваль жүлдесіне және Еуропа кинотеатрларында көрсетуге лайықты картина деп мойындап отыр.
Мартина Теруанн, Азия киносы халықаралық фестивалінің президенті:
- Бұл фильмді бірнеше рет көрдім. Көрген сайын көңілім ерекше толқыды. Тақырып та, актерлардың шеберлігі де керемет. Өмірлік маңызы бар өте өзекті мәселелерді қозғайды. Біз кейде фильмдерді таңдай алмай, қиналамыз. "Айқайға" қатысты ешқандай талас болған жоқ. Байқау бағдарламасына бірден қостық."
Гүлнар Әбікеева, Азия киносы халықаралық фестивалі киносыншылары алқасының президенті:
- Зал көрермендерге лық толды. Сұрақ-жауаптың өзі 40 минутқа созылды. Қазір сағат түнгі 11 болды. Осының өзі-ақ картинаның көрерменді айрықша тәнті қылғанын көрсетсе керек. Семей полигоны туралы негізі көп айтылады, бірақ Қазақстанда нақты не болғанын ешкім түсіне бермейді.
Кенжебек Шайкаков, режиссер:
- Фильмнің тақырыбына қатты мән бердім, мен осы фестивальде бұл елдің біздің елімізде болған қасіретті оқиға жайлы фильмді қалай қабылдайтыны маған қызықты болды. Және өзге ел, мынадай өркениетті дамыған ел біздің тағдырымыз, өткен өміріміз, біздің тарихымыз жайында не білгісі келеді, олардың пікірі, көзқарасы қандай, жалпы біз жайындағы түсінігі қандай екенін білгім келді.
National Geographic фотокөрмесі өтіп жатыр
Жануарлар әлемінің ғажайып фотосуреттерін көрем десеңіз, Ұлттық музейге барыңыз. Мәдениет ошағында National Geographic журналының арнайы көрмесі ашылды. Әлемнің 20-шақты үздік фотографы 70-ке жуық таңдаулы шығармасын ұсынған. Атап айтсақ, Майкл Ник, Стив Уинтер, Пол Никлен, Беверли Жубер және басқалары. Қазақстандағы тұңғыш көрмені өткізуге табиғат фото-суреттерінің хас шебері, редактор Кэти Моран жетекшілік етті. Келушілер кадрдағы тұмса табиғатқа тамсанып қана қоймай, фотография өнерінің тарихына тереңірек үңіледі. Астанада бастау алған іс-шара жазға салым Алматыда жалғаспақ.
Айбын Шағалақ, National Geographic журналының жауапты редакторы:
- Екі үлкен мақсатты айқындайды. Бірінші кезекті осындай керемет фотосуреттер арқылы адамзаттың табиғаттан жырақ жатпағанын, табиғаттың бір бөлшегі екенімізді көрсетеді. Сол арқылы жаһандық тұмса табиғатты сақтауға, экологияны сақтауға шақыру, экологиялық проблемалар, жойылып бара жатқан жануарлардың қандай рөл атқаратынын табиғатта, экожүйеде көрсету.. Соларға халықтың назарын аударту.