Көрермен көзайымына айналған көктем мерекесі
Шығыстағы көршіміз Ай күнтізбесі бойынша жаңа жыл мерекесін тойлап жатыр.
Оны тамашалауға әрісі Еуропа, берісі Орталық Азиядан жұрт ағылып келуде. Ал жолы түспегендер үшін Қытай халқы гала концертке тікелей трансляция жасап, әлемнің 200 еліне 68 тілде ақпарат таратты. Көрермендердің арасында қазақстандық жерлестеріміз де бар.
Биыл Қытайдағы көктем мерекесі жылдағыдан ерекше. Күнтізбедегі бұл күнді тек Қытай халқы ғана емес, Шығыс Азия елдері де айрықша атап өтеді. Жалпы Ай күнтізбесі бойынша Жаңа жылды жер шарының 2 млрд-қа жуық тұрғыны тойлайды. Оның ішінде еуропалықтардың да үлесі орасан. Олар Аспан асты еліне арнайы ат басын бұрмаса да, тікелей трансляция арқылы жаңа жылдық гала концертті қалт жібермейді.
Испания
Марта Монторо, көрермен:
- Әрине, мен гала концертті тамашаладым, оны қалай жіберіп алуға болады? Соңғы жылдары үзбей қарап отырамын. Меніңше, Қытаймен байланысы бар кез келген адам бұл мерекенің жергілікті халық үшін маңызы зор екенін жақсы біледі. Бұл ерекше мейрам. Әсіресе біз, Ханфу жанкүйерлері, сәнді киімдер топтамасын көре алатынымызға қуанамыз.
Бірнеше сағатқа созылған тікелей телекөпір әлем бойынша 695 млн қаралым жинады. Бір-ақ күннің ішінде Гиннестің рекордтар кітабына еніп үлгерді. Салтанатты мерекелік кешті шекара аспай-ақ теледидар арқылы тамашалап, рахатқа бөлінгендердің қатарында қазақстандық жерлестеріміз де бар. Әсіресе елордалықтар шараға таңданысын жасырмады.
Саида Сегізбаева, көрермен:
- Мен көктем фестивалінің гала-концертін көрдім, маған қатты ұнады. Алғашқы минуттарында-ақ көрерменді өзіне еріксіз баурап әкетті. Түрлі-түсті шоу, ерекше қойылымдар, ән, би, барлығы болды.
Гүлжан Раманқұлова, көрермен:
- Биылғы гала концерт керемет ұйымдастырылған. Мерекелік атмосфераны біз де сезіне алдық.
Гала концертті тамашалап, мерекелік көңіл-күйді сезіну үшін ел ішінде саяхаттаушылардың да қатары күрт артқан. Болжамға сәйкес, биыл көктем мерекесі кезінде ел ішінде сапарлаған жолаушылар саны 9 миллиардқа жетуі мүмкін деген божам бар. «Бұл тарихта болмаған рекорд», - дейді мамандар.
Ли Ян, ҚХР вице-министрі:
- Бар-жоғы 40 күннің ішінде әуе, теңіз және көлік жолдарымен шамамен 1,8 миллиард жолаушы өңірден өңірге саяхат жасайды. Қалған 80 пайызы пойыз арқылы қатынайды.
Жаңа жылды тойлау мұнда екі аптаға жалғасады. Мереке 24-ақпанда Шамдар фестивалімен аяқталады.
Авторы: Әсия Нұрлыбаева