АҚШ билігі Израильді қыспаққа алды

АҚШ Израильден Газаға гуманитарлық жүк жеткізуді талап етті.

Өйткені Израиль күштері Америкадан жөнелтілген астықты аймаққа кіргізбей қойған. Түркия аттандырған жүктерді де бірнеше апта портта ұстап отыр. Ресми Тель-Авив өз шешімін БҰҰ-ның Таяу Шығыстағы босқындарға көмек көрсету агенттігі ХАМАС-пен байланыста болғандығымен түсіндіреді. Ал агенттік бұл жала дейді. Жанжалға байланысты донор елдер агенттікке қаржы бөлуді тоқтатқан. Ол қалпына келмесе мекеме осы айдың соңында жұмысын тоқтатуы мүмкін.

Мэтью Миллер, АҚШ мемлекеттік департаментінің ресми өкілі:

- Біз 1,5 млн Газа тұрғынына 5 айға жеткілікті астықты қаржыландырдық. Гуманитарлық жүктің аймаққа мезетінде жетуі үшін Израиль билігімен келісіп жатырмыз. Ал агенттіктің жұмысына келсек, барлық донор елдер заңға бағынады. Енді тергеу нәтижелерін күтіп отырмыз. Қаржыландыру тоқтағанымен, жазықсыз бейбіт тұрғындардың гуманитарлық көмек алуы үшін жұмысымызды жалғастыра береміз.