Еуропада жұмыссыздық белең алып барады

Еуроодақ елдерінде үй-күйсіз жүргендердің саны артты.

Бұған жаһанды жайлаған қымбатшылық себеп. Германия биылдан бастап босқындарға әлеуметтік көмекті қысқартады. Ал Финляндия билігі арнайы жоба арқылы тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуді көздеп отыр.

Мемлекеттік бағдарлама тиімділігін көрсетті

Финляндияда бұрын үйсіз қалған тұрғындар жалға берілетін пәтер алу үшін ішімдік пен есірткіге тәуелділік сияқты жаман әдеттен ада болуы шарт еді. Тек осыдан кейін олардың өтініші қарастырылатын. Бірақ 2007 жылы елде «Ең алдымен баспана» атты жаңа бағдарлама қабылданды. Жаңа жобада бұрынғыдай баспанасыз қалған азаматтарға талап жоқ. Жәрдемақы бірден төленіп, соның есебінен адамдар пәтерақысының бір бөлігін өтеп отырады. Жоба алғашқы айлардан-ақ тиімділігін көрсетті. Елде үй-күйсіз жүргендер саны айтарлықтай азайды. Билік 2027 жылға дейін Финляндияда баспанасыздар мүлде болмайды деп отыр.   

 

Еуропада жұмыссыздық белең алып барады   

Қазір жұмыссыздық мәселесі Еуропа елдерінде де өршіп тұр. Бұл – әсіресе Испания үшін өзекті мәселе. Мұнда жұмыссыздық бойынша жәрдемақы 4 айдан 2 жылға дейін төленеді. Орташа мөлшері 1400 еуро шамасында. Ал италиялықтар мұндай көмекті 240 күн бойы алып отыра алады. Жасы 50-ден асқандар үшін бұл мерзім бір жылға дейін созылады. Бельгияда жұмысынан айырылып қалған азаматтар үшін жәрдемақы қарасытырылған. Оның мөлшері соңғы жұмыс орнындағы жалақысының 65%-іне дейін жетеді. Ең максималды төлем – 1541 еуро. Бірақ 3 ай бойы жұмысқа орналаспаған тұрғындар үшін көмекқаржы мөлшері 5%-ке кемиді. 

 

Әлеуметтік көмек қысқарады

Германияда биылдан бастап босқындар үшін қарастырылған әлеуметтік көмек қысқарады. Елге сырттан баспана сұрап келгендер көп. Бұрын олардың Германияда жүргеніне 1,5 жылдан асса, жәрдемақы төленетін. Бұдан былай босқын әлеуметтік көмекке тек 3 жылдан кейін ғана өтініш бере алады. Ал сырттан пана іздеп келген азаматтарға жылына 7500 еуро бөлінеді. Төлемдер әлеуметтік картаға аударылады. Билік осындай шаралардың арқасында 1 миллиард еуро үнемдеуге ниетті.  

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева.