Италияда судың сұрауы бар
Еуропалықтарды қуаңшылық жазда ғана емес, қыста да қинап жатыр.
Италияның солтүстігіндегі Сицилия облысында кейінгі 60 жылдағы ең жылы қыс орнады. Үкімет аймақта құрғақшылыққа байланысты төтенше жағдай жариялаған. Тіпті билік үйлердің шатырына жаңбыр суын жинайтын цистерналар қойған. Бірақ олардың өзі толмайды. Өйткені тамшы тамбағалы бірнеше айдың жүзі болған.
"Сусыз өмір сүру қиын. Қолымыз байланып қалды. Түк істей алмаймыз. Тіпті су жинайық деп шатырға ыдыс та қойдық. Бірақ одан да қайыр жоқ. Бұл аймақта су алтынмен тең."
Курортты аймақ шөлге айналды
Мексика
Мексика жері де қуарып тұр. Жағажайымен әлемге әйгілі курортты аймақ - Валье-де-Браво қу далаға айналды. Бұл ел астанасы Мехикодан 2 сағаттық жерде орналасқан. Авандаро көлі бұрынғы жағасынан 100 метрге дейін суалған. Қазір өлке тұрғындары үшін тіршілік көзі тапшы. Аймақтағы су қоймасы 68 пайызға босады.
Мишель Нунес, әкімдік өкілі:
"Бұл жердің халқының тірлігі 100 пайыз Авандаро көліне қарап отыр. Құрғақшылық зардабы мыңдаған отбасыны тығырыққа тіреді. Бюджетте де ақша жоқ. Су тапшылығын реттей алмай отырмыз."
Дәл қазір әлемдегі ең ауыр су тапшылығын Газа тұрғындары көріп отыр. Анклавта соғыс салдарынан 40 құдық пен тіршілік көзін тасымалдайтын 9 танкер және жалпы аумағы 42 шақырымды қамтитын су инфрақұрылымы талқандалған.
"Біз көрмеген тауқымет қалған жоқ. Ішуге жарамды тұщы су дегенді ұмытып қалдық. Күніне 4-5 сағат сарылып жүріп, тұзды судың өзін әрең табамыз.
"Су - тіршілік көзі" деп бекер айтылмаса керек. Дүниежүзілік денсаулық сақтау және ЮНИСЕФ ұйымдарының мәліметі бойынша, әлемде таза судың жетіспеушілігінен жыл сайын 1 миллион 400 мың адам көз жұмады екен. Адамзатқа азық-түлік өндіріп отырған ауыл шаруашылығы саласы ғаламдағы тұщы судың 90 пайызын пайдаланады. Тіршілік көзіне қатысты қатер артпаса, сейілмейтін түрі бар. Әлемдегі ең биік Гималай тауындағы мұздықтар 2100 жылға қарай 75 пайызға қысқарады деген мәлімет бар.