Қытайда Құлаққа күтім жасау күні аталып өтті

Естімеген елде көп. Қытайда Құлаққа күтім жасау күні аталып өтілді, деп хабарлайды 24KZ.

Бұл күні жергілікті халық жаппай есту мүшесін тазалайды. Құлағының мүкісі бар тұрғындар дәрігерге көрініп, ем-дом қабылдауды әдетке айналдырған.

Бұл күнді қытай елі ерекше атап өтеді. Баладан бастап қарттарына дейін бір күнін құлақ қуысының күтіміне арнайды. Дәрігерге көрініп, клиникаларда тексеруден өтеді. Тіпті құлақ күтімі бойынша арнайы дәріс те беріледі.

Лю Цзиньюан, Чанша қаласының тұрғыны:

- Мен 10 жастағы қызымды алып келдім. Оның құлағы ауыратынын жақында білдік. Бүгінгі іс-шара бірінші кезекте түрлі құлақ, мұрын, тамақ ауруларының алдын алу үшін керек. Бұл күні үздік мамандар алдын ала кезексіз қызмет көрсетеді. Соны пайдаланатындар көп.

Мейрамның шығу тарихы 2000 жылдардан басталады. Ол кезеңде елде құлағының мүкісі бар балалар мен қариялардың саны күрт өскен. Бұл қоғамда алаңдаушылық туығызып, билік мәселені шешудің жолын іздейді. Талдау жұмыстарын жүргізе келе, бір күнді құлақ тазалығына арнайды. Тіпті оған мемлекеттік деңгейде ұлттық мәртебе берілген.

Хэ Цинпин, оңалту орталығының меңгерушісі:

- Бұл өте маңызды. Осының арқасында жылына мыңдаған тұрғын емделіп шығады. Құлағын тазалап, тексеруден өтуге көбінесе 60 жастан асқан зейнеткерлер келеді. Сонымен қатар кәмелеттік жасқа толмаған балалар да бар. Біз оларға мүмкіндігінше дәрігерлік ақыл-кеңес беріп, арнайы есту аппараттарын ұсынамыз.

Алғашында акция түрінде басталған іс-шара бертін келе жаппай халықтық сипат алған. Биыл бұл мейрам осымен 25-ші рет аталып өтілді. Айта кету керек, статистикаға сай бүгінде Қытайда 28 миллионға жуық адам құлақ дертіне шалдыққан.

Авторы: Руслан Бақытбекұлы.