Ресейде президент сайлауы өтіп жатыр

112 миллион 309 мың адам дауыс беру құқығына ие.

Дауыстың жартысынан көбін жинаған кандидат президент болады.

Дана Нұржан, меншікті тілші:

- Дауыс беру бюллетеньдерінде төрт кандидат бар. Бұл ЛДПР фракциясының басшысы Леонид Слуцкий, коммунистік партиядан Николай Харитонов, «Жаңа адамдар» партиясынан Владислав Даванков және елдің қазіргі президенті Владимир Путин. Соңғысы бесінші мерзімге сайлауға түсіп жатыр. Бұл жолы Президенттің мерізімі алты жылға, яғни 2030 жылға дейін жалғасады.

25 ақпан мен 14 наурыз аралығында Ресейдің қиыр жерлерінде және шетелде алдын ала сайлау ұйымдастырылды. Осы аралықта екі миллион ресейлік өз таңдауын жасады.Сайлау процесі үш аптаға белгіленген. 

Элла Памфилова, РФ Орталық сайлау комиссиясының басшысы:

- Оның ішнде жырақта ұйымдастырылған сайлау учаскелерінде 1 396 062 адам дауыс берді. Ал 23334 алдын ала дауыс берген адамдар. Ашық теңізге шығатын кеме қызметкерлері де өз таңдауын жасады.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлау учаскелерінде 12 мыңнан астам журналист жұмыс істеп жатыр. Сайлау учаскелерінде халықаралық бақылаушылар да бар. Ресейге 36 елдің делегациясы, 30 ұлттық парламент пен бес халықаралық ұйымның өкілдері, соның ішінде Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қауымдастығының Парламентаралық Ассамблеясы мен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының өкілдері де келді. Қазақстаннан 58 байқаушы бар. Олардың ішінде Орталық сайлау комиссиясының өкілдері, Парламенттің қос палата депутаттары, сондай-ақ ТМД, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы мен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымынан келген байқаушылар төбе көрсетті.

Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:

- Он алты өңірде бұл жұмысымызды атқарамыз. Нақтылап айтсақ, ол Мәскеу мен Мәскеу облысы, Санкт Петербург қаласы және Ленинград облысы, Астрахан, Челябинск, Омбы, Волгоград, Алтай,  тағы басқа өңірде жұмыс істеп жатырмыз. Бізді қызықтарытын бірнеше мәселелер бар. Мысалы, қашықтықтан электрондық дауыс беру.

Саяси дода 17 наурызда жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат 20:00-де аяқталады.

Дана Нұржан, Шахзод Гамиров