Қытайда ормандар өртеніп жатыр
Қытайда алапат өрт болып жатыр.
Елдің оңтүстік-батысындағы таулы аймақ қызыл жалынға оранып, орман қоры күлге айналды. Мыңдаған адам қауіпсіз жер іздеп, үй-жайын тастап кетуге мәжбүр болды. Тілсіз жаудың құрбаны болғандар да бар.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Табиғи өрт Тибетте болып жатыр. Өрт сөндірушілер тәулік бойы қызыл жалынмен арпалысып өшіре алмай әлек. Лаулаған от сағат сайын өршіп, дес бермей барады. Өртті сөндіруге 2 мыңнан астам құтқарушы, әскерилер жұмылдырылған.
Мамандар өрт болып жатқан орман алқабын негізгі үш аймаққа бөліп отыр. Ең қауіптісі Яцзян округінде. Мұнда жағдай қиын. Негізгі күш осында жұмылдырылған. Өрт сөндірушілердің жартысынан көбі осында жүр. Қалған екі аймақтағылар өрттің табиғи орман қорына өтіп кетпеуі үшін жанталасып жатыр. Таулы аймақта қаптаған техниканың пайдасы болмай тұр. Арнайы өрт сөндіру құрылғыларын тасымалдау қиынға соғып жатыр. 8 тікұшақ тартылған. Екпіндеп жел соғып жағдайды ушықтырып барады. Шоқ ұшқыны қураған шөпке тиіп сөндірілген орындар қайта тұтанып жатыр. Төңіректі көк түтін басып жолдар көрінбей қалды. Өрттен зардап шеккен 4 мыңға жуық адам қауіпсіз жерге шығарылды. 39 шаруа қожалығы көшірілді. Тұрғындар мектеп ғимаратын паналауға мәжбүр. Басым көпшілігі уақытша шатырларға орналастырылды.
Падма Лхамо, уақытша баспана бекетінің қызметкері:
- Адамдар мектепке сыймай жатыр. Көбі туған-туыстарының үйін паналап кетті. Таңертеңнен бері тағы 640 адам жеткізілді. Қою түтін ішінде әлі де адамдар қалып қоюы мүмкін. Қосымша шатыр қажет. Біздің топқа ыстық тамақ, шай, азық-түлікпен қамту, ұйымдастыру жұмыстары жүктелген. Келесі топ медициналық бекетке жауапты. Жарық желісін тарту керек.
Тілсіз жау үш адамның өмірін жалмады. Бір адам ауыр жараланған. Өрттің неден шыққанын және оның таралған аумағы туралы толық мән-жайды жергілікті билік айтқан жоқ.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Қазір Кандин қаласының маңында өзен жағалауындағы орман өртене бастады. Аз уақыттың ішінде өзенді бойлай жанған от екі шақырым орманды күлге айналдырды. Көрші провинциялардан қосымша техника мен күштік құрылымдар тартылып жатыр.
Руслан Бақытбекұлы