Мәскеулік қандастар Наурызды тойлауда
Наурыз мерекесін тойлаудың жаңа үлгісі көптің көңілінен шығуда.
Мәскеулік қазақтар бас қосып, жаңарудың жаршысы болған Әз-Наурызды атап өтті. Олар елімізде басталған игі істердің жалғасарына сенеді.
Мәскеуде тұратын қандастарымыз елден жеткен игі бастаманы қуана қарсы алды. Осыған орай ұлттық құндылықтарды, мәдениет пен өнерді насихаттау мақсатында Әз-Наурыз кезінде түрлі іс-шара өткізбек.
Жарқын Утешова, Мәскеу қаласындағы «Астана» қорының президенті:
- Бұл қазақтың рухының оянғаны. Өзінің қазақ екенін ұмытпай, кейінгі ұрпаққа жеткіземін деген талпынысы. Ол өте үлкен жетістік. Бұл біздің жетістігіміз деп ойлаймын. Мен өз басым бүгін ерекше қуанып тұрмын осындай мерекеге біздің жастарымыздың қатысып бесленділік танытқанына.
Қазақ тілі мен мәдениеті клубы Мәскеуде он жылдан бері жұмысын жалғастырып келе жатқан ұйым. Мақсаты Ресейдің барлық аймақтарынан келген қазақ ақсақалдарының басын қосып, жастар арасында туған тіл мен салт-дәстүрге деген құрметті дәріптеу.
Қыдырбек Есполов, Мәскеу тұрғыны:
- Біз Россияның қазақтары қайда жүрсек те қазақпыз деп мақтанып жүреміз. Ақсақал ретінде біз жастарға тәрбие береміз. Қазақ қандай болу керек екен. Қандай тәрбие көрген. Қазақ қайда жүрсе де, өз дәстүрін, тәрбиесін, қазақ екенін ұмытпасын. Қазақтар көбейе берсін, біліміміз аса берсін!
Адалдық пен бірліктің, ізгілік пен ынтымақтың белгісіне айналған ұлттық мейрамды ұлықтау біздің парызымыз дейді мәскеулік қандастарымыз. Осылайша шеттегі қазақтар айшықты мерекеден шет қалмақ емес.
Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров