Электромобильдер арзандауы мүмкін
Кейінгі уақытта электромобильдерге сұраныс артып келеді.
Өйткені экологиялық жағынан таза. Енді олар экономикалық жағынан да тиімді болуы мүмкін. Өйткені бұл көліктерді жасап шығаруға қажетті аккумуляторлардың бағасы төмендеуі тиіс.
Электрмобильдердің бағасы арзандауы мүмкін. Сарапшылардың былай пайымдауына Қытайдан келген жаңалықтар себеп. Шығысымыздағы көрші электромобильдер өндірісі мен экспорты бойынша алдыңғы қатардағы елдің бірі. Соларға қажетті аккумуляторлардың ең ірі жергілікті өндірушісі биыл өз өнімінің бағасын 50 пайызға төмендететінін жария етті. Өйткені енді қымбат әрі сирек кездесетін металл - кобальтты қолданбайды. Соның нәтижесінде электромобильдің бағасы да арзандай ма деген болжам бар.
Қытай көліктеріне сұраныс көп
Кейінгі уақытта Қытайдың электрлі көліктер нарығының қарқынды дамып келе жатқаны көбіне мәлім. Тіпті жергілікті BYD компаниясы әлемдік сатылымдар бойынша Тесланы басып озған. Қытайлық электрмобильдерге Еуроодақта сұраныс жоғары. Былтыр олардың одақ нарығындағы үлесі 20 пайыз болса, биыл көрсеткіш 25 пайызға дейін жетеді деген болжам бар. Өйткені бағалары төмен. Логистикасы мен қызмет көрсету жағы жақсы ұйымдастырылған.
Ресейде электрлі көліктерге сұраныс жоғары
Ресейде де электрмобильдерге сұраныс артып келеді. Өткен айдың қорытындысы бойынша сатылған көліктер 2023-жылдың ақпан айымен салыстырғанда, 255 пайызға көп. Ең танымалы - Қытайда жасап шығарылған электрмобильдер. Сонымен қоса Ресейдің өзінде өндірілетін электрлі көліктерге де сұраныс жоғары болып отыр.
Авторы: Жұлдыз Атагельдиева