Әлемді әбігерге салған су тасқыны
Әлемнің бірқатар елдері де жауын-шашын және тасқын салдарынан зардап шешіп отыр.
Ресейдегі су тасқыны ие бермей барады. Бәрінен де Қазақстанмен шекаралас Приволжье федералдық округіне қиын соқты.
Ресей
Тұтас елді мекендер су астында қалған. Орынбор облысындағы жағдай сағат сайын өзгеріп жатыр. Төтенше жағдайға әзірлік жоғары деңгейге келтірілді. Қазірдің өзінде 250-ден астам елді мекен су астында қалды.
Алтай аймағында да 500-ге жуық үйді шайып кеткен. Тасқынға байланысты тас жолдардағы көлік қозғалысы шектелді. Тұрғындар шұғыл түрде қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр. 165 адам, оның ішінде 30 бала уақытша тұрақтау орнына жеткізілген.
Пәкістан
Пәкістанның солтүстік-батысындағы алапат тасқыннан көз жұмғандар саны 10 адамға жетті. Тағы 12 кісі зардап шеккен. 30-ға жуық үй қирады. Әсіресе Хайбер-Пахтунхва аймағының тұрғындарына қиын болып жатыр. Ауыл шаруашылығы алқабына зақым келді.
Ауғанстан
Ауғанстанда жауын-шашын салдарынан 7 адам ажал құшты.
Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, табиғи апаттан 500-ден астам үй мен 1500 гектар егінге зақым келген. Тасқын зардабын Түрікменстанмен шекаралас Фарияб, сондай-ақ Нангархар мен Дайкунди провинцияларының тұрғындары тартып отыр.
Қытай
Қытайдың оңтүстік-батысындағы Гуйчжоу провинциясында қалың бұршақ жауды.
Табиғи құбылыс бар болғаны 5-7 минутқа созылғанымен рапс және жүгері сияқты дәнді дақылдар алқабын жайпап өтті.
Мамандар бұршақтың диаметрі 69 миллиметрге жеткенін айтады. Метеоролгогтар алдағы 2 күнде тағы 6 провинция аумағында бұршақ жауып, найзағай ойнайтынын ескертті.
Желдің екпіні секундына 28 метрден асуы мүмкін.
Бразилия
Тасқыннан зардап шеккен Бразилия тұрғындары ес жия бастады.
Табиғи апат кезінде кетуге мәжбүр болған адамдар үйіне оралып жатыр. Бірақ көбінің баспанасы тұруға жарамсыз болып қалған.
Жалпы тасқыннан 27 кісі құрбан болып, 7 мыңнан астам тұрғын қауіпсіз жаққа көшірілген еді.