Әлемде 44 млн мұғалім тапшы болуы мүмкін

Мұғалім тапшылығы күрделі мәселеге айналып барады. ЮНЕСКО өкілдері осылай деп дабыл қағып отыр.

Мамандардың алаңдауына жақында жүргізілген зерттеу нәтижелері түрткі болыпты. Жалақысы төмен болғандықтан, көбі ұстаз болуға асықпайды.

Әлемде 44 млн мұғалім тапшы болуы мүмкін

ЮНЕСКО зерттеуіне сәйкес,2030 жылға қарай педагогтардың 50%-і қызметінен кетуі мүмкін. Сол кезде әлем бойынша 44 миллион мұғалім жетіспеуі ықтимал деген болжам бар. Бұл әсіресе Африка елдері үшін өзекті. Еуропа мен Солтүстік Америкада да проблеманың маңыздылығы артып келеді. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, басқа мамандықпен салыстырғанда мұғалімдердің жалақысы аз. Көбірек ақша табу үшін олар репетитор болып жұмыс істейді. Соның салдарынан мектептегі сабақтарға дұрыс көңіл бөлінбеуі мүмкін. Оның үстіне мұғалімдер жұмыстағы күйзеліс күйрететінін айтады. Сол себепті мамандар: «педагогтардың еңбекақысын көтеріп, салаға салынатын инвестицияны арттыру керек», – дейді. Әйтпесе бұл білім беру сапасының төмендеуіне әкеп соқтыратынын ескертеді. Сонымен қоса гендерлік тепе-теңдіктің сақталуы да маңызды, – дейді. Өйткені әдетте мұғалім боп әйелдер жұмыс істейді. Ал мектеп директоры қызметіне негізінен ер адамдар тағайындалады. 

 

Ресейде 11 мың ұстаз тапшы

Ресейдің 20 өңірінде мұғалім тапшы. Әдетте бастауыш сынып ұстаздары, орыс және шет тілі, әдебиет пен физика мамандары жетіспей жатады. Өйткені жалақысы төмен. Мысалы, Алтай өлкесінде олар 5 мың рубльден, біздің ақшамен 25 мың теңгеден де аз табады. Сөйтіп қазір көрші елде 11 мың ұстаз тапшы. Мәселені шешу үшін өткен жылдың аяғында Президент Владимир Путин мұғалімдердің еңбекақысына қатысты мәселеде жүйелі шешім ойлап табуды тапсырған. Мысалы, шалғай өңірлердегі мамандардың жалақысын көтеруді ұсынды. Сонда олар нәпақа табу үшін өзге аймақтарға кетпейді, – дейді Мемлекет басшысы.

 

Канадада кадр тапшылығы білім сапасына әсер етті

Мұғалім тапшылығы Канадада да бар. Әсіресе Онтарио провинциясындағы жағдай қиын. Мұнда мектептердің жартысында ұстаздар жетіспейді. Соның салдарынан біліктілігі төмен мамандарды жұмысқа алуға тура келеді. Ал бұл білім беру сапасына әсер ептей қоймайды. Мұнда да мәселе ақшаға кеп тіреледі. Бұдан бөлек, Канада – халқы тез қартайып бара жатқан елдің бірі. Бұл жұмыс күшінің тапшылығын ушықтырып отыр.

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева.