Дамба жарылысы: Ресейдің Орск қаласында эвакуация жарияланды

Ресейдің Орынбор облысындағы Орск қаласында су бөгеті жарылып, эвакуация жарияланды, деп хабарлайды 24KZ.

Мектептерде уақытша орталықтар ашылып, тұрғындар сонда көшіріліп жатыр. 4 мың үйге қауіп төніп тұр. Онда 11 мыңдай адам тұрады. Қазірдің өзінде 600 үйге су кірген. Кей аудандарда қауіпсіздік шарасы ретінде газ бен жарық өшірілген.

Биыл көктемде Орынбор облысының біраз аумағын су басып, өңірде төтенше жағдай жарияланды. Жайық өзеніндегі су деңгейі күрт көтеріліп, бөгет шыдас бермеген. Қазір апат салдарын жою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Орск қаласы Қазақстан шекарасына жақын орналасқан.

Василий Козупица, Орск қаласының басшысы:

- Жағдай күрделі. Мен осының алдында ғана мұнда келіп кеткем. Бәрі әп-сәтте өзгеріп шыға келді. Су басу қаупі бар аудандардың тұрғындарын уақытша орталықтарға көшуге шақырамын. Ол үшін арнайы автобустар ұйымдастырылған. Орталықтарда ыстық тамақ пен киім-кешек беріледі. Дамба екі жерінен жарылған. Қазір техника жұмыс істеп жатыр.