Тереңнен тамыр тартқан қала

Өзбекстанда сан ғасырлардың куәсі болған көне шаһар бар.

Тарихы 2500 жылдан асады. Таяуда ғана ислам әлемінің орталығы атанған. Әңгіме - тереңнен тамыр тартқан Хиуа қаласы жайында. Мұнда қысы-жазы турист көп.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Бір кездері өз алдына бөлек мемлекет болған, тарихи атауы қаз қалпында сақталған Хиуа шаһары бұл. Қабырғасы мыңдаған жыл бұрын қаланған. Өзбекстан ғана емес, адамзат баласының жауһар жәдігер іспетті. Оған себеп Хиуа ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұрасына айналып отыр. Орталық Азияда сол тізімге бірінші болып енген.

Хиуа Бұхара секілді ислам өркениеті кең қанат жайған шаһар. 9 ғасырда Хорезм мемлекетінің астанасы болып, ерекше гүлденген. Сол кейпі әлі күнге сақтаулы. Қыш қабырғалары, биік мұнаралары алыстан менмұндалайды. Заманында білім мен өркениеттің ордасы болған көне медресенің бірі – Шерғазы атымен аталады. «Ол 18-ші ғасырда өмір сүріп, осы өлкеде билік құрған қазақтан шыққан хан», - дейді жергілікті зерттеушілер.

Өктем Сатимов, "Ишан қала" қорық музейінің бөлім меңгерушісі:

- Бұл медресе 1700-ші жылдары Хиуа ханы Шерғазы салдырған. Ол осы өлкені билеген тарихи тұлға. Медресені дүниежүзіне танытып, ілім мен білімнің орталығына айналдырды.

Қаланың тарихи орталығы дәстүрлі шығыс сәулет өнері ескерткіштерімен көмкеріліп жатыр. Соның бір парасын тұрғындар әлі күнге мекен етеді. Ұқыпты ұстанып, тазалығын сақтайды. Бірде-бір кірпішін рұқсатсыз қозғамайды. Тарихи шаһарға бірер жыл бұрын заманауи инфрақұрылым жүргізілген. Қалашықтағы көне 400 тұрғын үй мен 60-қа тарта ескерткіш коммуникация желілерімен қамтылды.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Бұл тек хорезм халқына тән өнер. Қазір менің жанымдағы Мәдина есімді қала тұрғыны ұлттық «ләзги» биінің қимылын көрсетіп жатыр. Бұл кез келгеннің қолынан бермейді.

Мәдина Бабаджанова, Хиуа қаласының тұрғыны:

- Мұны біз «карс» дейміз. Кішкене кезімізден аналарымыз үйреткен. Басқалар бұл дыбысты шығара алмауы мүмкін. Лязгидің ерекшелігі осында. Тек осы өлкеде туып-өскендер біледі. Ерлеріміз пако-пак дыбысын шығарады.

“Ишан қала” - мемлекеттік тарихи-археологиялық қорық ретінде танымал. Көпшілік бұл жерді ашық аспан астындағы музей деп те атайды. Күні бұрын шаһарға қазақ басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та аялдап, әріптесі Шавкат Мирзиёевпен кездесті. Біздің ел басшысын Хиуа халқы әуежайдан сән-салтанатымен қарсы алды.

Қазақ басшысы іскерлік жүздесуден соң әріптесімен бірге Хиуаның көне нысандарын аралады. Қалашыққа экскурсия «Ата дарбаза» қақпасынан басталып, өзбек халқының ән-би өнері көрініс тапқан театрландырылған қойылыммен жалғасты.

Одан әрі мемлекеттер басшылары «Куня Арк» кешенін, Шерғазы хан медресесін, Мұхаммед әмин Инақ медресесін, Жұма мешітін және «Таш хаули» кешенін аралап көрді. Туристік әлеуеті артып келе жатқан өлкедегі Бекет ата музейіне бас сұғып, қазаққа қатысты құнды жәдігерлермен танысты.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Хиуада қазақ халқы әулие тұтатын, көрнекті діни қайраткер Бекет атаның да ізі қалған. Ол мұнда өмірінің 7 жылын өткізеді. Ілімін жетілдіріп, кейін Маңғыстауға аттанады. Онда мешіт-медреселер салады. Көне қалада бабаның құрметіне арнайы музей ашылған. Оқыған, білімін жетілдірген жер, яғни жеке бөлмесі экспозиция ретінде қайта жарақталған.

Екі ел басшысы тарихи қалада қазақ пен өзбекті іскерлік қана емес, бауырластық байланыс біріктіретінін көрсетті. Арада алыс-беріс те, барыс-келіс те үзілмеген. Оның үстіне, кейінгі жылдары Өзбекстан қазақстандық саяхатшылар үшін танымал бағытқа айналып келеді. Мәселен, былтыр мұнда елімізден 1 млн 245 мың отандасымыз келген. Өзбекстанға сонау Еуропадан арнайы ат басын бұратындар да жетерлік.

Блиц:

  1. Біз Түркиядан келдік. 10 күн осы қалада тұрақтаймыз. Бізге Хиуаның тарихы ұнады.
  2. Франциялық саяхатшылармыз. Өзбекстан ерте замандағы қалаларын сақтап, туризмді жақсы дамытып жатыр. Өзіндік ерекшеліктері көп.

Президенттің жұмыс сапары тағы бір маңызды оқиға ретінде тереңнен тамыр тартқан қаланың тарихына енді. Ал өзбек басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты Үргеніш қаласының әуежайына дейін шығарып салды. Жалпы бұл бейресми кездесу қос тараптың бір-біріне деген құрметін арттырып, бауырластық байланысын бекемдей түскендей.

Авторы: Рауан Мыңбаев