Сепаратистерге қатысты даулы заң қабылданды
Қоғамдағы қызу пікірталасқа қарамастан, Испания билігі сепаратистерге қатысты атышулы Заң жобасын қабылдап жіберді.
2017 жылы Каталонияның Испаниядан азаттығын талап еткендердің бірқатары түрмеге қамалып, енді бірі Еуропаның өзге елінен саяси баспана сұрауға мәжбүр болған. Дей тұрғанмен Жаңа заң аясында осы іске қатысы бар жүздеген адамға рақымшылық жасалып, елге қайта келуге рұқсат етілмек.
Ең қызығы – кешірілген сепаратистер Испанияға оралғаннан кейін де, бастаған істі жалғастырамыз деп отыр.
Каталония өңірі – Испан билігінің ең бір өткір мәселесі. Себебі, Каталонияның Испаниядан дербестігі қоғамда қашан да қызу талқыға түсетін ең жанды тақырып.
2017 жылы бір топ саясаткер дәл осы Каталонияның азаттығы үшін астыртын күрес әрекеттерін ұйымдастырып, соңы бүлікке айналғанын әлемдік қауымдастық жақсы біледі. Нәтижесінде, ел билігі азаттық идеясын арқалаған саясаткерлерді “сепаратизм” және “терроризм” бабы бойынша айыптап, түрмеге жабады.
Серхе Видал, заңгер:
- Испания Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, рақымшылық шамамен 350 адамды қамтиды. Оның ішіне Каталонияның тәуелсіздігін жариялау әрекетін ұйымдастырған саясаткерлер еніп отыр. Оларға Испанияның Қылмыстық кодексінде «бүлік» деп саналатын әрекеті үшін ғана емес, сонымен бірге өз мақсатына жету үшін бюджет қаражатын жымқырды деген айып та тағылғаны белгілі. Рақымшылық бойынша заңды қудалаудан босатылған басты тұлға – Каталонияның бұрынғы басшысы және "Каталония үшін бірге" партиясының бұрынғы төрағасы Карлес Пучдемон.
Дәл осы Карлес Пучдемон – 6,5 жыл бұрын Испания билігінің қудалауынан кейін Бельгиядан саяси баспана сұрауға мәжбүр болған. Жаңа заң аясында “бүліктің басты көсемі” деп танылған саясаткер де рақымшылыққа ілінді.
Билік тарапы сепаратистерге қатысты даулы заңды – демократияның жарқын үлгісі деп бағаласа, саясаткердің өзі Испанияға қайтып келген бетте күресті жалғастыратынын мәлімдеді.
Карлес Пучдемон, саясаткер:
- Каталонияның кезекті парламент сайлауында мен өз кандидатурамды ұсынамын. Испанияға қайтып келіп, күрес жолымды жалғастырамын!
Дей тұрғанмен испан қоғамының басым бөлігі және парламенттегі Халықтық партия сепаратистерге қатысты биліктің бұл рақымшылық заңын мүлдем құптап отырған жоқ. Өйткені сепаратистер – Испаниядағы ең ірі саяси дағдарысты тудырып қана қоймай, құқық қорғаушылармен қақтығысты. Елдің тыныштығы мен қоғамның тұтастығын бұзды деп айыптайды.
Сондай-ақ Мадрид қаласында рақымшылық заңына наразы мыңдаған тұрғын қарсылық шеруін ұйымдастырып, сепаратистердің Испанияға қайтып келуіне түбегейлі қарсы екенін білдірді.
Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач, 24.KZ, Испания