Өзбекстан тұрғындары Қазақстанға жылу жинап жатыр
Еліміздегі су тасқынанан зардап шеккен азаматтарға бауырлас Өзбекстан халқы жылу жинап жатыр.
Ізгі амалға жергілікті қоғам белсенділері мен блогерлер ұйытқы болған. Қандастар да қайырлы істен қалыс қалып жатқан жоқ. Мәселен, Жоғары Шыршық елдімекені жүздеген литр өсімдік майы мен төсек-жабдық өткізді. Арнайы есепшотқа 60 млн сом аударылды. Одан бөлек гуманитарлық пунктке керек-жарақтың түр-түрі жеткізіліп жатыр. Үрлемелі қайық, резеңке етік және халыққа ең қажетті гигиеналық заттар бар. Айта кетейік, гуманитарлық жүк тиелген көлік жұма күні жолға шығып, Қостанай облысындағы тасқыннан зиян шеккен ауылдарының біріне жеткізіледі.
Абдулазиз Ғафуров, блогер:
- Қазақстандағы жағдайдан хабардармыз. Бұл қиындықтан аман-есен шығатындарыңызға сенімдімін. Біздің халқымызда «көршің тыныш болса, өзің де тыныш» деген сөз бар. Соған сай қолдан келген жәрдемді көрсетіп жатырмыз.
Жандарбек Кеңесов, Ташкент облысының тұрғыны:
- Бауырларымыз су басып, біраз қиналып қалған екен. Соған қол ұшын беріп, көмектесіп, мына өзбек бауырларымыз да қарап қалып жатқан жоқ.
Нұржан Әбдірайымов, Жоғары Шыршық ауданының тұрғыны:
- Су басқан аймақтар үшін жайсыз жағдай болып жатыр. Алланың өзі қиыншылықтарын жеңіл етсін.
Талғат Қалдыбаев, Жоғары Шыршық ауданының тұрғыны:
- Мына Жоғары Шыршық ауданы Шанышқылы Тоқымбай елінен аз да болса көмегімізді қабыл қылыңыздар!