Орск тұрғындары ауыз сусыз отыр
Көршіміз Ресейде ахуал тұрақталар емес.
Тасқын салдарынан су қысымы төмендеген Орск қаласында тұрғындардың ауыз судан ажыратылғанына 2 аптаға жуықтады. Олар тіршілік нәрін алу үшін кезекке тұруға мәжбүр. Ауғанстан мен Пәкістанда тасқын құрбандарының саны 100-ден асты. Дубай әуежайындағы кептеліс жұмысқа кедергі келтіруде.
Иә, кей елдерде ахуал ушықпаса тұрақталар емес. Көршіміз Ресей тасқынның салдарымен әлі күресіп жатыр. Ал Біріккен Араб әмірліктері мен Ауғанстан, Пәкістанда жауын-шашын әзірге толастамайды дейді метереологтар.
Орынбор облысында тәулік ішінде 1 мыңнан астам үй суға кеткен. Мамандар Жайық суының деңгейі төмендегенін айтады. Бірақ су басқан жерлер тым көп. Облыс орталығында жағдай тұрақтала бастаған. Құтқару-эвакуациялау жұмыстары жүріп жатыр. Ал Орск қаласында ахуал керісінше, ушыққан. Тұрғындар бірнеше күннен бері ішерге су таппай отыр. Өйткені тасқын жүргелі су қысымы төмендеп, қала ауыз судан ажыратылған. Сол себепті мұндағы перзентханалар кешелі бері жабық тұр. Аяғы ауыр әйелдер Орынбор қаласына жөнелтілуде. Ал мектептер қашықтан оқытуға көшкен. Емдеу және білім беру мекемелерінде бір реттік пластик ыдыстар ғана қолданылады. Ертеңнен бастап тіршілік нәрінің жоқтығына қарамастан білім беру ұйымдары өалыпты жұмысына кіріседі дейді жергілікті билік.
Василий Козупица, Орск қаласының басшысы:
- Қалада барлығы 73 ұңғыма жұмыс істеді, қазір оның 21-і ғана қалды. 10 текше метрге дейін су таситын бөшкелерді лаждап отырмыз. Ауызсуға қолжеткізу үшін көршілеріміз Гай, Медногорск, Новотроицк, Орынбор қалаларынан көмек сұрадық. Ал су тасуды жеңілдету үшін суармалы су құбырын іске қостық.
Тобыл суы тез көтеріліп жатыр
Қорғанда Тобыл суының деңгейі тез көтерілуде. Соңғы бірнеше сағатта 7 см-ге өсіп, 10 метрге таяды. Тасқын су көпірлер мен үйлерді шайып кетіп жатыр. Аймақта табиғат апатынан жапа шеккен 14 мыңға жуық адам эвакуацияланды. Құтқарушылар тәулік бойы тынымсыз жұмыс істеуде, әр екі сағат сайын дабыл қосылып тұр.
Табиғат апатынан шаруалар опат болды
Пәкістанда тасқын салдарынан опат болғандар саны 70-тен асты. Олардың дені - шаруалар. Фермерлер егін жинау кезінде жай түсіп, мерт болған. Қазір мұнда шелектеп жауған нөсер әлі басылмай тұр. Ал тасқын су егістік алқаптарын бүлдіріп, үйлерді шайып кетті. Билік елде төтенше жағдай режимін жариялады. Мамандар болса жауын-шашын бұл аптада тоқтамайтынын ескертті.
Маджид Хан, Белуджистанның апаттарға қарсы күрес басқармасының бөлім басшысы:
- Тасқынға байланысты біз бригадаларды солтүстік пен батыс аймақтарға дренаж жұмысын жүргізуге жібердік. Сондай-ақ оған ауыр техникалар жұмылдырылды. Жүк тиегіш пен экскаватордың көмегімен жолдарды судан тазартып жатырмыз.
Ауғанстанда тасқын құрбандарының саны 70-ке жетті
Отводка. Ал Ауғанстанда тасқын құрбандарының саны 70-ке жетті. Алапат су 600-дей үйді қиратып, мың гектарға жуық егістік алқаптарына зақым келтірген. Табиғат апатынан әсіресе, ел астанасы Кабул мен тағы 20 елді мекен зардап шеккен. Қазір құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Мамандардың сөзінше, Ауғанстанда тәулік ішінде жауын-шашынның бір жылдық мөлшері түскен.
Дубайда әуежай жұмысы тоқтап тұр
Дубайда көл-көсір жауын-шашыннан соң халықаралық әуежай жұмысы әлі қалыпқа келген жоқ. Мұнда жолаушылар кептелісінен аяқ алып жүру мүмкін емес. Сапарға аттана алмаған тұрғындар әуежайда өз рейсін күтуге мәжбүр болған. Халықаралық метереологиялық қызмет мәліметінше, Біріккен Араб әмірліктерінде екі жылда түсетін жауын-шашын мөлшері бір тәулікте тоқтаусыз жауған. Мамандар мұндай нөсер соңғы 75 жылда алғаш рет тіркеліп отыр дейді.