Германия Қазақстанға көмектеседі
Неміс Ғылым және білім министрлігінің делегациясы біздің елге келіп, тасқынмен күрестегі тәжірибесімен бөлісуге ниетті.
Қазір Қазақстанға шетелдік кәсіпкерлер мен тұрғындар да ақша аударып, мейлінше жәрдемдесіп жатыр.
Берлинде Қазақстанға көмек мақсатында ұйымдастырылған қайырымдылық іс-шара өтті. Онда жиылған жұртқа кейінгі 80 жылдағы ең алапат тасқын салдары көрсетілді. Ал Германиядағы Қазақстан елшісі еліміздегі қазіргі ахуал мен тасқынға тосқын қою шаралары туралы айтып берді.
Юлий Дидоветц, Потсдам климаттың әсерін зерттеу институтының ғылыми қызметкері:
- Климаттың өзгеруімен айналысып жатқан ғалым ретінде біз үшін қазақстандықтарға қолдау көрсету маңызды. Біз Орталық Азияда жұмыс істейміз. Соның ішінде Қазақстандағы су ресурстарын зерттейміз. Климаттың өзгеруі салдарынан болашақта мұндай табиғат апаттары жиілеуі мүмкін екенін түсінуіміз керек.
Темірлан Накеев, студент:
- Біз студенттер ретінде ақпарат тарату жағынан көмектесе аламыз. Түрлі чаттар арқылы мыңдаған адам тасқыннан зардап шеккендерге гуманитарлық не қаржылай көмекті қайда және қалай жіберу керектігі туралы біліп жатыр.
Қайырымдылық шарасына федералдық үкімет мүшелері, ғалымдар, кәсіпкерлер, қоғам қайраткерлері мен студенттер қатысты. Жиылған қауым су ресурстарын басқару саласында ортақ зерттеулер жүргізіп, кадрлар даярлау жағын талқылады. Жақында елімізге іс-сапармен неміс делегациясы келу керек. Құрамына геология институты мен табиғат апаттарын зерттеу ғылыми орталығының өкілдері кірген топ,,,біздің министрліктерлерге кеңес береді.
Петер Тильс, Берлин Еуразиялық клубы консультациялық кеңесінің төрағасы:
- Нәтижелі кездесу болды. Біз Қазақстанға қандай көмек қажет екенін білдік. Жиынға ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері қатысып, тасқынның салаға әсері қандай болатыны жайлы айтып берді.
Бұдан бөлек ұйымдастырушылар қазақстандықтарға көмекке қаржы жинауға кіріскен. Ақша "Қазақстан халқына" қорына аударылады.
Галина Нұртазинова, Неміс-Қазақстан қоғамының басқарушы директоры:
- Біз коммерциялық емес ұйым ретінде қаржы жинау туралы жария еттік. Бір апта ішінде мыңдаған еуро түсті. Бұл іс-шарадан кейін де біраз аударымдар болады деп күтіп отырмыз.
Вальтер Гаукс, Берлин қаласының қоныс аударғандар істері жөніндегі уәкілі:
- Қазақстанда туып-өскен неміс ретінде мен үшін ауыр тиді. Елде болып жатқан жағдайға қатты алаңдаймыз. Неміс-қазақстан қауымының қаржы жинау бастамасына қуанып отырмыз.
Қарапайым тұрғындардан бөлек Қазақстанға неміс кәсіпкерлерлері де қол ұшын созып жатыр. Қаржылай көмектен бөлек олар біздің құтқарушыларға сорғы техникасы мен тракторлар беріп, гуманитарлық жүкті жеткізу жағын ұйымдастыруға әзір екендерін айтады.
Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Шолпан Найманбаева