Әлемнің бірқатар елі энергия тапшылығына тап болды

Тіпті төтенше жағдай жариялап жатқандары да бар.

Энергия тапшылығына климаттың өзгеруі кері әсер етіп отыр.

Энергетикалық тапшылық Эквадорды қыспаққа алды. Елдегі электр энергияның 78 пайызы су көздерінен алынады. Президент Даниэль Нобоа 2 айға дейін төтенше жағдай жариялады. Мемлекет басшысының айтуынша, ерекше режим енгізу стратегиялық жағынан маңызды нысандарды күзетуге әскер мен полиция тартуға мүмкіндік береді. Электр энергияның жетіспеушілігіне құрғақшылық себеп. Бір тамшы жаңбыр жаумай Мазар су қоймасының деңгейі төмендеп қалды. Бұл нысан 2 су электр станциясын қамтамасыз ететін еді. Қажетті меже 2115 метр болуы керек, ал қазіргі су деңгейі одан 500 метрге төмен. Электр тоғын үнемдеу үшін үкімет аптасына 3 күн жұмысқа шықпайтын болды. Көшедегі бағдаршамдар да өшіп тұр. 

Камило Прието, Богота университетінің климат өзгерісі жөніндегі профессоры:

- Бұл жердегі мемлекеттің қателігі - энергияны көп жағдайдан судан ғана алып отыр. Әлем қуат көздерін түрлендіруді баяғыда қолға алған. Оның үстіне, кейінгі кездері климат қатты өзгеріп, қуаңшылық қалыпты жағдайға айналды.

Энергия тапшылығы кәсіпкерлерді де тығырыққа тіреді. 10 аймақта үнемдеу мақсатында жарық жиі сөндірілетін болған. Ірі қалалардың өзінде тоқ күніне 3-ақ сағатқа беріледі.

Карен Вердуга, мейрамхана қожайыны:

- Құрғақшылық қалтамызды қағып жатыр. Электр жарығы болмаған дым істей алмайсың. Ас әзірленбейді, жеміс шырыны блендерден өткізілмейді. Ондаған жыл бойы табысты жүргізген бизнесімізден айырылғалы тұрмыз.

Колумбияда 8 млн тұрғын суға зәру

Энергия тапшылығы көршілес Колумбияны шұғыл шаралар қабылдауға мәжбүрледі. Бұл елде қуаттың 66 пайызы судан өндіріледі. Қуаңшылыққа байланысты қазір су қоймалары 28-ақ пайызға толған. Былтырдан бері жауын-шашын күрт азайып, температура көтерілді. Ел астанасы Боготада үнемдеу шарасы ретінде айына 3 күн су мүлде берілмейді. Жалпы Колумбияда су жетіспеушілігінің зардабын 8 миллион тұрғын тартып отыр.

Андрес Камачо, Колумбияның Кеніштер және энергия министрі:

- Бізге мұхит суын жылытып, жауын-шашын мөлшерін азайтқан "Эль-Нино" құбылысы кері әсер етті. Барлық су электр станцияларын жіті тексеріп жатырмыз. Энергетикалық дағдарыстан тиімді шыға білуіміз қажет.

Густаво Петро, Колумбия президенті:

- «Біз табиғатпен үндесу» күнін жраияладық. Электр энергиясын тұтынуды қысқарту арқылы біз бұл дағдарыстан шығамыз деп сенемін. Үнемдеу бастамасын неғұрлым көп адамқолдаса, соғұрлым бұл қиындықты тез еңсереміз.

И. Маск: Энергия тапшылығы тереңдейді

Әлемде электр энергиясының тапшылығы арта түседі. Бұған бір жағынан жасанды интеллектінің даму қарқыны мен электр көліктерінің көптеп өндірілуі себеп болмақ. Илон Маск таза энергия көздерін тез арада көбейту қажет деп есептейді. Оның үстіне, электрлі құрал-жабдықтарды да көбірек шығару керек дейді миллиардер.

Цитата

«Жасанды интеллект өндірісі 6 ай сайын 9 есе ұлғайып отыр. Микросхемаларға деген сұраныс өте жоғары. Әлем тарихтағы үлкен технологиялық төңкеріс алдында тұр. Бірақ бұл электр энергияның жетіспеушілігіне әкелуі мүмкін», - Илон Маск, миллиардер

Ал Германия үкіметі елде энергетикалық дағдарыс аяқталды деп мәлімдеді. Неміс мемлекеті электр энергиясы бойынша Ресейге тәуелділіктен біржола құтылған. 2022 жылға дейін Германия табиғи газдың 55, көмірдің 50, ал мұнайдың 35 пайызын Ресейден сатып алатын еді.