Байден TikTok туралы заңға қол қойды
АҚШ Сенаты қоғамда қызу талқыланған TikTok туралы шулы заңды қабылдап, Президент Джо Байден қол қойды, деп хабарлайды 24KZ.
Құжатқа сай желі иесі қытайлық ByteDance компаниясы 9 ай ішінде қосымшаның америкалық үлесін сатуы тиіс. Олай жасамаған жағдайда желіге тыйым салынады.
АҚШ Конгрессінің TikTok-қа қатысты заңды қабылдауына танымал желінің Қытай билігімен байланысы ықпал еткен. Заң шығарушылар да, қауіпсіздік жөніндегі сарапшылар да Қытай үкіметі қосымша арқылы америкалықтардың құпия деректеріне қол жеткізіп, үгіт-насихат жүргізуі мүмкін деп қауіптенеді. Қазір АҚШ-та бұл желіні 170 миллион адам пайдаланады. Жаңа заңға сай ByteDance компаниясы TikTok-ты 9 ай ішінде сатса, Америка Құрама Штаттарында жұмысын жалғастыруға мүмкіндігі бар. Ал егер бірлестік бұдан бас тартса, оның қызметіне тыйым салынып, мобильді қосымшаларға арналған дүкендерден алынып тасталады. Алайда TikTok басшысы Шоу Зи Чу бұл шешіммен келіспейтіндігі туралы бейнеролик жариялады.
Шоу Зи Чу, TikTok бас директоры:
- Бұл заң 170 миллион америкалықты TikTok-тан айырады. Ол қосымшаға ғана емес, сіздің дауысыңызға да тыйым салады. Өйткені TikTok сөз бостандығы сияқты америкалық құндылықтарды дәріптейді. Осы себепті желі көптеген адамның күнделікті өмірінің маңызды бір бөлігіне айналған. Біз ешқайда кетпейміз. Сотта сіздің құқықтарыңыз үшін күресуді жалғастырамыз. Конституцияға сүйеніп, жеңіске жетеміз деп үміттенеміз.
Дегенмен қытайлық компания сотқа шағым түсірсе, мәселе тағы көп айға созылуы мүмкін. Бұл аралықта қосымша АҚШ-та қызметін жалғастыра беруге мүмкіндігі бар. Жалпы сарапшылардың бағалауынша, TikTok-тың америкалық үлесі ондаған миллиард долларды құрайды. Сондықтан мұндай бағаға сатып алушылардың тез арада табыла қалуы екіталай, – дейді. Оның үстіне Meta және Google сияқты технологиялық алпауыттарға монополияға қарсы заңға сәйкес оны сатып алуға тыйым салынуы ықтимал.
Авторы: Айжан Сыдықова.