Ресейде Есіл өзені ерік бермей тұр

Қытайда тағы су тасқыны қаупі күшейді.

Бірнеше күн бұрын елдің оңтүстік-шығысындағы Гуандун провинциясында нөсер соңы тасқынға ұласып, біраз ауданды су басқан еді. Мамандар жаңбыр әлі басылмайтынын ескертеді. Сондықтан өңірде қауіптің жоғары деңгейі жарияланды. Аймақта іздестіру-құтқару операциясы әлі жалғасып жатыр. Із-түзсіз жоғалып кеткен 10 адам табылмаған. Құтқарушылар су басқан мекендерден тұрғындарды қайықпен эвакуациялауда. Алдын ала мәлімет бойынша, табиғат апатынан келген шығын көлемі 19 миллион доллардан асады.

Хуан Цжинжрон, тұрғын:

"Өзімнің шағын шаруа қожалығым бар еді. Биыл тасқын жүріп егіндік алқабымның бәрін су шайып кетті. Енді не істейтінімді білмеймін."

Ресейдің Қорған облысында 12 мың үйді су басқан. Қазір өңірде су ақырындап азайып келеді. Губернатор табиғат апатынан келген шығын 9 миллиард рубльге жетуі мүмкін дейді. Қорғанмен көршілес Түмен облысында Есіл өзенінің деңгейі 11 метрден асқан. Бұл бұрын-соңды болмаған жағдай. Тасқын тек келесі аптада ғана шарықтау шегіне жетеді деп болжанып отыр. Қазір қауіпті аудандардан тұрғындарды эвакуациялау жалғасып жатыр. 

Александр Моор, Түмен облысының губернаторы:

"Мамандар су басуы мүмкін аймақтағы үйді-үйді аралап жүр. Қажет болса, олар тағы бір тексеріп, тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіруі керек."

Қуаңшылықтан кейінгі тасқын

Кения

Ал мынау Кениядағы жағдай. Тұрғындарды бірнеше ай қуаңшылық қыспаққа алса, енді алапат тасқын әбігерге салуда. Табиғи апаттан 40-қа жуық адам опат болды. 100 мыңнан аса тұрғын жапа шеккен. Бүлінген үйде есеп жоқ. Ал синоптиктер келесі аптада бұдан да қатты нөсер жауатынын ескертіп отыр.