Туризм саласында қазақ-өзбек ынтымағы артады
Қазақстан мен Өзбекстан туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайтпақ ниетте.
Екі елдің бұл бағытта әлеуеті жеткілікті. Мәселен, жылдар бойы орнығып, қалыпқа түскен дәстүрлі саяхат турлары бар. Одан бөлек, қос мемлекет гастрономиялық туризм мен тау-шаңғы спорты саласын бірлесіп дамытуға күш салмақ. Осы мақсатта елдер арасында тың тәжірибе алмасу ісі басталып кетті.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Өзбекстанның орталық бөлігінде орналасқан шағын ғана Шахрисабз шетелдік ғана емес, жергілікті жұрт үшін де туристік тұрғыда кең таныла қоймаған шаһар. Дегенмен, көне тарихқа бай. Мұнда әйгілі Әмір-Темір дүниеге келген. Ол билік құрған жылдардағы резиденция әлі сақтаулы. Қабырғасы сонау ұшар биіктен көрінеді. Ежелгі темір әулетіне тиесілі сәулеттік үлгісі де байқалады.
Ал билеушінің алып ескерткішіне келсек, оның жөні тіпті бөлек. Ел бойынша мұндай ірі сәулет туындысының үш түрі бар. Ташкент, Самарқан және Шахрисабзда. Әуелгі екі ескерткіште Әмір-Темірдің ат үстінде және тақта отырғаны, соңғысында тікесінен түк тұрғаны бейнеленген.
Сергей Знаменский, саяхатшы:
- Өзбекстанға туристік мақсатта келдім. Бірнеше тарихи қалада болдым. Бәрі ұнап жатыр. Хиуа, Бұқара, Самарқан, енді міне Шахрисабзға табан тіредім. Өздеріңіз көріп тұрғандай, сапарым сәтті десем де болады. Әп-сәтте гастрономиялық шараның қонағына айналдым.
Саяхатшыларға ұнайтын негізгі ерекшелік те осы. Материалдық мұра нысандарынан бөлек, жергіліктің жұрттың дәстүр-салты мен тыныс-тіршілігі қызық. Өзбекстан осы саладағы ерекшеліктерін ескеріп, сырттан көбірек мейман тартудың жолын қарастырып жатыр. Шахрисабз шағын қала болғанымен, туристер саны өсіп келеді. «Мәселен, былтыр Қазақстаннан 20 мың саяхатшы келді», - жергілікті әкімдік.
Умид Шадиев, Өзбекстан туризм комитетінің төрағасы:
- «Шымкент-Ташкент-Самарқан» басталатын туристік бағыт өте танымал болып тұр. Қазақстандық саяхатшылар Өзбекстанға жиі ат басын бұрады. Біздің де туристеріміз Алматының Шымбұлақ таң шаңғы демалыс аймағы және Қазақстанның басқа да өңірлеріне баруды жөн санайды. Енді біз екі елдің тау-шаңғы туризмі саласындағы байланысты да одан әрі нығайтуға кірісіп жатыр.
Айта кетейік, Экономикалық ынтымақтастық ұйымы елдерінің туризм астанасы мәртебесі биыл Иранның Ардебиль қаласынан Шахрисабзға ауысты. Соған сай, шаһар әкімшілігі Қазақстан, Иран, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан сынды ел өкілдерінің басын қосып, арнайы форум ұйымдастырды. Бағдарлама аясында әуелі аспаздар байқауы өтті. Онда еліміздің дәстүрлі тағамдары мен сусындары таныстырылды.
Шамшат Құрманәлиева, кәсіпкер:
- Маған туризм басқармасынан ұсыныс түсті. Бізде ет аспайтын қазақ жоқ қой. Мынаның бәрін өз қолыммен дайындап шықтым. Біраз адамдарға дәмін көрсеткен едік, таңқалып жатыр.
Венера Табыс, жетігенші, «Қазақконцерт» ұйымының жеке орындаушысы:
- Шахрисабз қаласына ұлттық өнеріміз Жетіген өнерін алып келдім. Көптеген елден келген қонақтарға өнер көрсетуге келдік. Енді бұл қалаға алғаш келуім. Ерекше әсерде болдым.
Форум алаңында қазақстандық тарап туристік сала әлеуетін одан әрі дамытуға қажетті ұсыныстарын талқылады. Көне қалалар мен мәдени мұра нысандарын кең насихаттау бағытында тәжірибе алмасты.
Рауан Мыңбаев