Торнадодан төтенше жағдай жарияланды
АҚШ-тың орталығы мен орталық оңтүстігінде бірнеше күннен бері торнадо соғып, көп елді мекенді ойрандап кетті.
Табиғи апат кезінде опат болғандар бар. Қазір аймақта шығын көлемі есептеліп жатыр.
Табиғи апатқа байланысты Оклахома губернаторы Кевин Ститт штаттың 12 округінде төтенше жағдай жариялады. Торнадодан Салфер қаласы қатты зардап шеккен. Жалпы сенбі-жексенбі күні Оклахома штатында соққан алапат құйыннан 4 адам опат болды. Олардың арасында 4 айлық нәресте бар. Ал Айова штатында бір тұрғын алған жарақатынан ауруханада қайтыс болды.
Кевин Ститт, Оклахома штатының губернаторы:
- Бізде торнадо 4 адамның өмірін қиып кетті. Дәл осы бұрышта бір азамат көз жұмды. Ада мекенінде екі ал Мариетте тағы 1 адам мерт болды. Алапат құйын бір түнде Салфер қаласының орталығындағы барлық кәсіпорынды тас-талқан еттті.
Мамандар Оклахомада өткен торнадо қуаты бес балдық жүйе бойынша үшінші деңгейлі жойқын құйын деп бағалады. Штаттың төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасының хабарлауынша табиғи апаттан ондаған адам жараланды. Ұйытқып соққан торнадо электр бағаналары мен ағаштарды құлатып, көліктерді аударып, көп ғимаратты қиратып кетті.
Джиованни Кэррен, Оклахома штатының тұрғыны:
- Мен солтүстіктен оңтүстікке қарай көлікпен жүріп келе жатқам. Телефоныма торнадо келе жатыр деген ескерту келді. Сосын мен тұраққа тоқтайын деп шештім. Бұрылып бара жатқанда құйын дүкеннің ар жағында сияқты еді, бір кезде көлігім қалай бірнеше рет аударылып барып ана тұсқа бірақ апарып тастағанын білмей қалдым.
Қазір жергілікті билік демалыс күндердегі торнадолардан келген шығын көлемін анықтап жатыр. Оңтүстіктен енді шығысқа қарай бағыт алған алапат құйын Техас, Оклахома, Канзас штаттарының бірнеше қаласына қауіп төндіріп тұр.
Авторы: Айжан Сыдықова