Франциядағы қазақтар бесік тойын тойлады
Парижде қандастарымыз бесік тойын тойлады.
Франциядағы қазақтар ұлттық салт-дәстүрімізді көздің қарашығындай сақтап келе жатқан, ірі диаспорының бірі. Жырақта жүрсе де олар, халқымыздың әдет-ғұрыптарын ұмыт қалдырмау үшін, осындай той-жиында бас қосып, жастарға дәріптеп отыруға тырысады.
Париж екенін айтпаса, құдды бір қазақтың ауылында жүргендейсің. Дәмге толы дастарқан, көтеріңкі көңіл-күйде жүрген көпшілік. Бәрі бүгін бесік тойын тойлауға жиналған. Франциядағы қандастарымыз қазақтың ұлттық дәстүрін осылай дәріптеді.
Неждет Түнжер, ұйымдастырушы:
- Бұл кісі де бір жағынан келгенде бізім үшін өте бір қуаныш. өте бір мақтаныш. елге-жұртқа біздің бірлігімізді сақтау керек. анау-мынау демей, бәріміздің дүниедегі қазақ баласы бәріміздің баласы. сондықтан әр қазақ менің жалғызым десек те артық айтпаймын. бір-бірімізді әрқашан да сақтайық. қайда жүрсек те, тау құсап шашылсақ та, біз қазақпыз.
Париждегі қазақтар еуропадағы ең ірі диаспора саналады. Бабалары Қазақстаннан 70 жыл бұрын қоныс аударған. Сондықтан болар мұндағы ақсақалдардың көбі Пәкістанда, балалары Түркия жерінде дүниеге келген. Ал немерелері Францияда туған. Ондаған жылдар бойы түрлі мәдени ортада өмір кешкеніне қарамастан, қандастарымыз өткенін ұмытпай, әлі күнге дейін ұлттық салт-дәстүрлерін сақтап келеді.
Айша Өздемір, диаспора өкілі:
- Осы жерде жапқандарымыздың бәрі балаларға ұмытырмайық, балаларға көрсетейік, біз әкелерімізден көрдік. Шешелерімізден көрдік. Ол көргендерімізді осы жердегі балаларға көрсетейік деп, осыдан айырылмайық, осы бірлік-берекеден айырылмайық деп осы тойларға, осы келіп кетіп жүреміз.
Алмажан Малкоч, диаспора өкілі:
- Біздің бұрынғы апа-шешелеріміз, үлкен апаларымыз осылай бесікке салатын біздің бала күнімізде. Содан бері көрмеп едік, бүгін міне, қайын сіңліміз алып, өте жақсы болып, жырғақ қалдық. бұрынғыдай болып.
Жастар тек француз тілінде сөйлейді. Жергілікті ортаға толығымен сіңісіп кеткен. Десе де, қазақи болмысын жоғалтпаған. Мелис есімді балақайдың ата-анасы да қызын ұлттық болмысымызға сай тәрбиелеуге мән бермек екенін айтады.
Таха Үміт Түнжер, диаспора өкілі:
- Әр мереке сайын бас қосамыз. 2000 жылдары диаспора құрамында 200-дей отбасы болатын. Қазір олардың саны 230-ға жетеді. Алдағы уақытта қатарымыз әлі де өседі деп ойлаймын.
Мерве Түнжер, диаспора өкілі:
- Ата-анамнан үйренгенімді өз қызыма да үйретсем деймін. Ол әрине, біздің салтымыз бен дәстүріміз. Мәдениетімізді танып өсуі үшін де осында әкеліп тұрамыз.
Мелистің бесік тойы – Қазақстаннан тыс жерде туып өскен қандастарымыз үшін атажұртпен арадағы байланысты сезіну мүмкіндігі. Той тойлап келген қауым әр қазақты өз бауырындай қарсы алып, қонақжайлығымен естен шықпас әсер қалдырды.
Авторлары: Алия Сыздыкова, Руслан Омиржан