БАҚ өкілдеріне төнген қауіп күн санап артып келеді
Бүгін – Дүниежүзілік баспасөз еркіндігі күні. Бұл күн, 1993 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 48-сессиясында бекітілді.
Сондай-ақ, бұл дата – Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясының 19-бабында сөз бостандығы адам құқықтары ретінде көрсетілген.
Жалпы, бұл күн баспасөз бостандығын қамтамасыз ету, сондай-ақ, қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан журналистерді еске алу және құрметтеу мақсатында белгіленеді.
Өйткені, кейінгі жылдары, әлемде қақтығыстар күшейіп, геосаяси ахуал ушығып кетті. Жаһандық мәселелерді зерттеп, адамзатқа төнген қауіпті, бұқара халыққа жеткізетін ақпарат өкілдерінің қоғамдағы қазіргі рөлі қандай?
Журналистика – ең қауіпті мамандық
Журналистика – әлемдегі ең қауіпті 8 мамандықтың бірі.
Халықаралық журналистер құқығы мен қаупісіздігін қорғау ұйымның есебі бойынша, былтыр әлемде 140 БАҚ өкілі көз жұмған. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда 44 пайызға көп. Оның ішінде 81 журналист Таяу Шығыстағы Израиль мен ХАМАС арасындағы қақтығыс кезінде қаза тапқан. Халықаралық журналистерді қорғау комитеті мұндай көрсеткіш кейінгі 10 жылда болмағанын айтады.
Антониу Гутерриш, БҰҰ бас хатшысы:
- Соғыс аймақтарындағы БАҚ қызметкерлеріне тек бомбалар мен оқтар ғана емес, сонымен қатар заманауи соғыспен бірге жүретін жалған ақпарат пен жалған ақпарат құралдары да қауіп төндіреді. Оларға жау сияқты шабуыл жасауға болады; олар тыңшылық жасады деп айыпталуы, қамауға алынуы немесе өз жұмысын орындағаны үшін өлтірілуі мүмкін.
Журналист қандай қауіпті мамандықтармен қатар тұр?
ЮНЕСКО-ның шешімімен, әлем бойынша 8 мамандық қауіпті деп саналды. Журналистика бесінші орында. Рет-ретімен айтсам, әлемдегі ең бірінші қауіпті мамандық – орман балташысы. Статистикаға көз жүгіртер болсақ, 2012 жылы бұл салада бір жылда 112 адам қаза тапқан. Екіншісі – шахтерлік. Жыл сайын әлем бойынша бұл салада 100-ден астам адам көз жұмады. Бұдан кейін, өрт сөндірушілер, құрылысшылар бар. Осылардың арасында, журналистер қауымы бесінші орынға табан тіреді.
Ауғанстан – БАҚ өкілдері үшін ең қауіпті мемлекет
Сондай-ақ, журналистер үшін ең қауіпті 3 мемлекет бар. Бұл – Ирак, Сирия және Ауғанстан. Үш ел де кейінгі жылдары қақтығыстан көз ашпай келеді.
Ауғанстандағы баспасөз еркіндігі билікке тәліптердің келуімен шектелді. 2021 жылы елде 6400 журналист жұмыссыз қалды. Тәліптер келмей тұрып, барлығы 543 БАҚ болса, қазір соның 312-сі ғана қалған. Мәселен, Герат провинциясында 51 басылымның, қазір 18-і жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, 3 мыңға жуық журналист әйелдің 84 пайызы жұмыссыз қалған.
Журналистер мен БАҚ қызметкерлерінің бостандығына төнген қауіп күн санап артып келеді. Олар жаһандық денсаулық, климаттық дағдарыс, сыбайлас жемқорлық немесе адам құқықтарының бұзылуы жайын сөз еткенде, өз жұмыстарын саясиландырудың күшеюіне және әртүрлі тараптардың оларды жабу әрекеттеріне жиі ұшырайды – дейді Халықаралық журналистерді қорғау ұйымы.
Биылғы Баспасөз бостандығы күнінің тақырыбы – жаһандық климат өзгересімен байланысты. Біріккен Ұлттар Ұйымы адамзатқа төнген қатер туралы, жалған емес шынайы ақпарат тарату міндетін барша ақпарат өкілдеріне жүктеді. Яғни, әр журналист кез келген ақпараттың анық-қанығына еш кедергісіз қол жеткізе алуы керек.