Жапониядағы үйлердің 60% зілзаладан сақтандырылған

Еуропа елдерінің тұрғындары мүлікті сақтандыру мәселесіне жауапкершілікпен қарайды.

Мысалы, Германияда азаматтарды міндеттейтін заң күшін жойса да, жергілікті жұрттың көбі полис сатып алады. Сауалнамаға қатысқан испандықтардың 63%-і мұны міндеттейтін заңға қарсы емес екенін айтқан. Жапонияда да үйлердің 60%-і сақтандырылған.

Жапония «Тынық мұхитының отты шеңбері» деп аталатын сейсмикалық белсенділігі жоғары аймақта орналасқан. Зілзаладан кейін мұнда цунами секілді табиғат апаты болады. Мұншама көп үйдің сақтандырылуы осыға байланысты.

Үйлердің 60% зілзаладан сақтандырылған

Жапонияда жер сілкінісі жиі болады. Сондықтан мұнда құрылысқа қатысты талап қатаң. Бірақ соның өзінде де үйлердің жартысынан астамы зілзаладан сақтандырылған. Өйткені табиғат апатынан кейін цунами қаупі бар. Мүлікті сақтандырумен жеке компаниялар айналысады. Жер сілкінісінен кейін баспана бүлінсе, бұл мекемелер полис бойынша төлем жасайды. Бірақ шығын көлемі бекітілген межеден асса, қалғанын мемлекет өтейді. Жалпы бір зілзала кезінде төленетін шекті сома – 12 триллион йен. Бұл – біздің ақшамен 35 триллион теңге. Шығын бұдан асып кетсе, сақтандыру компаниялары мен мемлекет оны өтей алмайды.

 

Халықтың 75% сақтандырылған үйде тұрады

Испанияда жұрттың 75%-і сақтандырылған үйде тұрады. Көбі баспанасын несиеге алады. Ал мұндай келісімшарт жасауда сақтандыру – міндетті талаптың бірі. Мұнда мүлікті сақтандырудың 4 түрлі полисі бар. Соның ішіндегі ең танымалы – «Сегуро де Хогар». Ол үйден бөлек, маңайдағы көлікжай, бассейн секілді құрылысты да қамтиды. Саяхаттап жүріп, үйіңізді тонап кетсе, тіпті жарық сөнгенде бүлінген азық-түліктің құнын өтейді. Сосын Испанияда «окупас» дегендер бар. Бұл – біраз уақытқа қараусыз қалған үйлерге кіріп алатын адамдар. Жергілікті заңнама бойынша оларды қуып шығу оңай шаруа емес. Өйткені 18-ге толмаған балалары болса, бұл азаматтар үйден кетпей қояды. Кейбір полис түрі осы окупастарға қатысты шығындарды өтейді. Бұл сақтандырудан бас тартқандар кейіннен опық жейді. 

Педро Ауварес, пәтер иесі:

- Окупастарға қатысты заңды қатаңдату керек. Олардың ғана емес, біздің де бала-шағамыз бар. Көп жағдайда сот сол азаматтарды қорғайды. Ал біз ше? Пәтерақысын ала алмаймыз, оның үстіне адвокаттарға ақша беріп, тағы шығындаламыз.

 

Мүлкін сақтандыратындар көп

Бұрындары Германияда заң үй иелерінен мүлікті сақтандыруды талап ететін. Қазір ондай міндеттеу жоқ. Бірақ сонда да көбі полис алғанды жөн санайды. Мұнда «үйді сақтандыру» және «отбасылық мүлікті сақтандыру» деген бар. Мысалы, найзағайдан өрт шықса, біріншісі баспананың, ал екіншісі ондағы жиһаздың шығындарын өтейді. Елде ең көп таралған полис – осы екеуі. Суға не тауға жақын тұратын азаматтарға табиғат апаттарының салдарынан қорғайтын сақтандыру ұсынылады. Бұдан бөлек, неміс елінде баспананы қорғаудың өзге де шаралары бар. Соның бірі – түтін дабылы. 18 федералдық жердің 16-сында оны орнату – міндетті талап. Кейін өрт шықса, сақтандыру компаниясы дабылдан бас тартқандарға өтемақы төлемеуге құқылы.