Жұмыссыздар саны тағы артты
Испанияда жұмыссыздық деңгейі 12 проценттен асып кетті.
Яғни 48 миллион тұрғыны бар елде 3 миллион азамат жұмыссыз. Әсіресе жұмыссыздық жастар арасында белең алған. Ол 32 пайызды құрайды. Сарапшылар: «Бұған қысқа мерзімдегі еңбек келісімшарт себеп», - дейді.
Даниель Дуке – Тенерифе тұрғыны. Қаражат көзін қысылмай тауып жүрген оның кейінгі бір жылда қуаңшылықтан қолы қатты қысқарып қалды. Бақшасына су таппай, шағын кәсібі дағдарысқа ұшырайды. Ауылшаруашылық маманы бүгін қарсылық акциясына қатысуға арнайы келіпті. Оның айтуынша, қуаңшылық мен жұмыссыздықты бір-бірімен байланысты.
Даниель Дуке, тұрғын:
- Әдемі аралымыздың сәнін осы туристер құртып бітті. Бір сәт тынбайтын саяхатшылар біздегі су проблемасын ушықтырды. Біз бүгін қарсылық шарасына шығып, туристер санын шектеуді талап етіп отырмыз. Небәрі 2 млн тұрғыны бар аралға жыл сайын 14 млн турист келеді екен, бұл қолайсыз әрі қауіпті.
Екі жыл бұрын ғана Испания еңбек заңнамасына кішігірім өзгертулер енгізіп, жұмысқа тұрушының құқығын кеңейткен. Атап айтқанда, кәсіподақ ұйымдарының көмегімен жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы ұзақмерзімді келісімшарт жасау саны артты. Дей тұрғанмен бұл заңнама әртіс сияқты мамандық иелерінің құқығын қорғай алмай отыр. Мәселен, Каталониядағы он әртістің алтауы кедейшлік шегінде өмір сүретіні анықталған. Өз мамандығы бойынша жұмысқа тұра алмай жүргендер үлесінің жыл сайын ұлғаю себебі осы.
Диего Армас, қоғамдық қор қызметкері:
- Еңбек заңнамасын әлі де жетілдіру керек. Әртіс қана емес, мысалы Испания бойынша инклюзивті мектептерде маман тапшы. Неге? Өйткені еңбек келісімінің қысқалығы, мұғалімдер маусым бойынша жұмыс істейді, келесі келісімшартты күтіп, уақыт оздырмай, жұмыстан кетіп қалады.
Белсенді жастардың азайып, қарттардың көбеюі кәрі құрлықтың еңбек нарығында алапат дағдарысқа әкелуі мүмкін. Биылдан бастап зейнет жасын 67-ге дейін біртіндеп көтеру жұмысының басталғаны да бекер емес. Мемлекетті алдымен жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі алаңдатып отыр. Сондықтан білім беру ордалары мен компаниялар арасындағы ынтымақтастықты арттыру талабы күшейтілмек.
Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач