Су тасқыны. Әлем әбігер үстінде

Канаданың батыс аймағында өрт шығып, тұтас орман алқаптары отқа оранды.

Билік жақын маңдағы тұрғындарды шұғыл эвакуациялады.

Ал Индонезияда лай көшкіні жүріп, су басқан аймақтарда қаза тапқандар саны күн санап артуда.

Бразилияда тасқын кезінде ұрлық-қарлық оқиғалары көбейді. Әлем елдеріндегі табиғи апаттардан болған зардапты тарқатсақ.

10 мың гектар орман өртенді

Батыс Канадада 10 мың гектардай орман алқабы өртеніп кетті.

Салдарынан Британдық Колумбия тұрғындарына қауіп төніп тұр. Өйткені түтін ауаға жылдам таралып жатыр. Тұрғындар шұғыл эвакуацияланды. Құтқарушылар жергілікті халықты қауіпсіз жерге көшіріп жатыр. Күннің қатты ысуына байланысты өрт қайта өршуі мүмкін деген қауіп бар.

Айта кетейін, канадалықтар биыл ел тарихында алғаш рет жауын-шашынсыз ең ыстық қысты өткізді. Бұл жазғы маусымда орман өртінің артуына әкеп соғуы ықтимал дейді сарапшылар.

Қытайдың оңтүстік-батысын су басты

Қытайдың оңтүстік-батысында тоқтаусыз жауған жауын-шашын салдарынан көшкін жүріп, Гуанси-Чжуан аймағын су басты.

Салдарынан көшелер суға толып, көлік қозғалысы шектелді. Әсіресе, Циньчжоу, Фанчэнган қалалары қатты зардап шеккен.

Құтқарушылар жапа шеккен тұрғындарды қайықпен қауіпсіз жерге көшіріп жатыр. Синоптиктердің болжауынша, жауын-шашын алдағы 10 күн бойы жалғасады.

Тасқыннан қаза тапқандардың саны артты

Индонезияда тасқын құрбандарының саны 41-ге жетті.

Тағы 17 адам із-түзсіз кеткен. Ондаған адам табиғи апат кезінде жапа шекті. Батыс Суматра провинциясында маңызды тас жол жабылып, қозғалыс шектелді. Ағаштар құлап, жүздеген нысанға қатты зақым келген.

Әсіресе, Агам, Танах-Датар елді мекендерінде ахуал күрделі. Мұнда баспанасынан айырылған жүздеген мың тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді.

Тасқын кезінде ұрлық көбейді

Оңтүстік Бразилияда тасқын кезінде ұрлық-қарлық, тонау қылмыстары көбейді.

Қылмыскерлер баспанасын амалсыз тастап кеткен тұрғындардың үйіне ұрлыққа кіріп, бағалы заттарын жымқырған.

Табиғи апаттан әсресе, Рио-Гранде-ду-Сул штаты қатты зардап шекті. Онда 538 мың тұрғын баспанасынан айырылды. Ал табиғи апаттан опат болғандардың саны 143 адамға жетті. Тағы 125 кісі хабар-ошарсыз кеткен. Мамандар екі аптадан бері жалғасып жатқан нөсер әзірге толастамайтынын ескертті.

Әсия Нұрлыбаева, 24.KZ